Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы тұрғындарға күз-қыс мезгілінде ЖРВИ және тұмау ауруларын болдырмауға көмектесетін алдын алу шаралары туралы еске салады. Эпидемиологтар тұмауға қарсы иммунитеті жоқ адамдарда вирустың жұғуы аурудың ауыр жүруін және ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін екенін еске салады.
Эпидемиялық маусым басталғаннан бері ЖРВИ-нің 2 680 677 жағдайы тіркелді және тұмаудың 810 жағдайы анықталды. ЖРВИ-мен ауыратындардың негізгі үлесін- 63%, 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Тұмаумен ауыратындардың арасында 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 47%, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 2,3% және ересектердің 51% бар.
COVID-19 – ға келетін болсақ, Қазақстанда жағдай тұрақты болып сақталуда. Бүгінгі таңда елде SARS-CoV-2: XBB.1.5, XBB.1.16 и EG.5 «Эрис»: бірнеше нұсқалары орын алып отыр. 2023 жылдың басынан бері 11 882 COVID-19 жағдайы тіркелді, соңғы аптада 63 жағдай тіркелді.
Республиканың барлық өңірлерінде медициналық ұйымдардың пациенттерді қабылдауға, сондай-ақ вирусологиялық зертханалардың тұмауға және басқа да респираторлық инфекцияларға зерттеулер қабылдауға және жүргізуге дайындығы қамтамасыз етілген.
Елде тұмауға қарсы халықты иммундау науқаны жалғасуда. Қазан айының басынан бастап 2 395 393 адам немесе республиканың жалпы халқының 12,02% егілді, оның ішінде 457 751 бала (19,1%) егілді. Вакцинациядан кейінгі асқынулар тіркелген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, тұмау — бұл тұмау вирустары тудыратын жедел респираторлық инфекция, ол ауру адамнан жөтелгенде немесе түшкіргенде сау адамдарға тез және оңай таралады. Ауру кенеттен басталып, жоғары температура, әлсіздік, қалтырау, бұлшықет және бас ауруы, бүкіл дененің ауыруы, құрғақ жөтел және дененің интоксикациясынан туындаған басқа белгілермен бірге жүреді.
Өзіңізді қорғау және балаларды қорғау үшін келесі ұсынылған қарапайым ережелерді сақтау қажет: тұмау мен ЖРВИ-мен ауыру кезінде халық көп жиналған орындарға барудан аулақ болған жөн, көшеден оралғанда және тамақтанар алдында қолыңызды мұқият жуыңыз, бөлмелерді желдетіңіз, таза ауада серуендеңіз және мүмкіндігінше тұмауға қарсы екпе алыңыз. Демалыс тәртібін және дұрыс, ұтымды тамақтануды ұстаныңыз. Аурудың алғашқы белгілері байқалғанда өз-өзіңізді емдеуге жүгінбей, дәрігермен кеңесу қажет.
Егер адам күздің басында вакцинациялауға үлгермеген болса, онда егуді алуға әлі де кеш емес. Әдетте тұмау белсенділіктің ең жоғары сәтіне қаңтар-ақпан айларында жетеді. Вирус кез-келген адамға, әсіресе кішкентай балаларға, қарттарға, жүкті әйелдерге қауіпті. Тәуекел тобына қант диабеті, артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, созылмалы бронхит, бронх демікпесі, бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары, зат алмасу бұзылулары, семіздік сияқты созылмалы аурулары бар адамдар жатады. Өз қызметінің ерекшеліктеріне байланысты көптеген адамдармен байланыста болатын және жұқтыру қаупі жоғары адамдар да тұмауға қарсы вакцинацияланулары тиіс: білім беру мекемелеріне баратын балалар, оқытушылар, тәрбиешілер, медицина қызметкерлері, қоғамдық көлік және сауда қызметкерлері, сондай-ақ жұмысшылары көп ірі кәсіпорындардың қызметкерлері.
Вакцина алу, салауатты өмір салты және жаман әдеттерден бас тарту инфекцияны азайтады немесе ауруды жеңіл өткізуге көмектеседі. Өзіңізді және жаныңызға жақын адамдарды қорғаңыз!