Жыл сайын 29 қыркүйекте бүкіл әлемде Дүниежүзілік жүрек федерациясы (World Heart Federation, WHF) құрған Дүниежүзілік жүрек күні атап өтіледі. Бұл акцияны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ), ЮНЕСКО және басқа да маңызды ұйымдар қолдаған.
Күннің мақсаты – әлемдегі жүрек-қан тамырлары ауруларының эпидемиясынан туындаған қауіп туралы қоғамда хабардарлықты арттыру, сондай-ақ барлық популяцияларда ишемиялық ауру мен ми инсультіне қатысты кешенді профилактикалық шараларды бастау.
2023 жылы Дүниежүзілік жүрек күні тақырыбы «Use Heart. Know Heart» ұранымен өтеді
Жүрек-қан тамырлары аурулары әлемнің көптеген елдерінде денсаулық сақтаудың басты проблемаларының бірі болып қала береді және жыл сайын 18 миллионнан астам адамның өмірін қияды. Сондықтан адамдардың хабардарлығын арттыру үшін жүрек ауруларының алдын алу бойынша жаһандық науқандар мен іс шараларды ұйымдастыру қажет.
Жүрек-қан тамырлары аурулары деп жүрек және қан тамырлары ауруларының тобы түсініледі, оған мыналар кіреді: жүректің ишемиялық ауруы; ми қан тамырлары ауруы; перифериялық артерия ауруы; ревмокардит; туа біткен жүрек ауруы; терең тамыр тромбозы және өкпе эмболиясы.
Бұл аурулардың себебі көбінесе дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің болмауы, темекі шегу, алкогольді шамадан тыс тұтыну және стресс сияқты қауіп факторлары болып табылады.
‼️ Жүрек ауруларының алдын алу бойынша негізгі ұсыныстар:
1. Қандағы қан қысымы мен холестерин деңгейін үнемі бақылау;
2. Дұрыс үйлесімді тамақтану;
3. Физикалық белсенді өмір салты және салмақты бақылау;
4. Жаман әдеттерден бас тарту (темекі шегу және алкогольді шамадан тыс тұтыну);
5. Ауруларды ерте анықтау үшін тұрақты медициналық тексеру.
Дүниежүзілік жүрек федерациясының мәліметтері бойынша салауатты өмір салтын ұстану арқылы инфаркт пен инсульттан мезгілсіз өлімнің 80%-ының алдын алуға болады.