Астана қаласындағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында 14-15 қыркүйекте «Бірыңғай тәрбие бағдарламасы: Құндылықтар және оларды іске асыру» атты республикалық семинар өтті. Оған мемлекеттік органдар мен министрліктердің түрлі ведомстволарының өкілдері, білім басқармаларының өкілдері, педагогтар, директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әдіскерлер, оның ішінде Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарушы директоры қатысты.
Семинардың ашылуында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде жаңа оқу жылында тиімді тәрбие жұмысын ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.
Екі күн бойы семинарға қатысушылар өскелең ұрпақты тәрбиелеуге байланысты сұрақтар мен мәселелердің кең ауқымын талқылады. Жалпы тәрбие беру бағдарламасы, Қазақстан азаматының бейнесі, психологиялық тестілеудің тәжірибеге бағдарланған әдістері, тәрбие мен құндылықтар, үрдістер, позитивті ата-ана мәдениетін жақсарту және дамыту стратегиялары сияқты өзекті тақырыптар көтерілді.
Іс-шара бағдарламасы аясында Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарушы директоры Салтанат Назарова денсаулық сақтау саласының сарапшысы ретінде сөз сөйлеп, Оқу-ағарту министрлігіне ведомствоаралық және сектораралық бағытта қалаусыз жүктілік пен жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу бойынша қандай іс-шаралар жүргізу қажеттігі туралы өзінің сараптамалық пікірімен бөлісті. Оның ішінде жоғары білікті тегін медициналық-психологиялық-әлеуметтік және медициналық-әлеуметтік көмек, әлеуметтік сүйемелдеу және ізгі ниет, қол жетімділік, еріктілік және сенім қағидаттары негізінде жастардың құқықтарын қорғауды көрсететін Жастар денсаулық орталықтарының қызметі туралы айтты.
“Бірыңғай тәрбие бағдарламасы: құндылықтар және оларды іске асыру” республикалық семинары педагогтердің біліктілігін арттыруға және бүкіл Қазақстан Республикасының аумағында білім беру мен тәрбие саласындағы жаңа идеяларды іске асыруға ықпал ететін маңызды іс-шара болды.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар берілді.