БЕЗГЕК – бұл паразиттер тудыратын және Anopheles масасының ауру жұқтырған аналық түрінің шағуы нәтижесінде адамдарға жұғатын, өмірге қауіп төндіретін ауру. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының пайымдауынша, 2021 ж. 241 миллион безгек ауруы тіркеліп, 627 000 адам безгектен қайтыс болды.
Қазақстанда жыл сайын сырттан әкелінген 1-2 безгек ауруы тіркеледі. 2022 жылы безгек аурының 2 жағдайы, ал 2023 жылы өлімге әкелген 1 жағдайы тіркелді. Сырттан әкелу жағдайы, негізінен, Африка елдерінен тіркеледі.
Безгек ауруын қоздырушылар — Plasmodium тұқымдасындағы қарапайымдылар:P.vivax, P.falciparum P.ovale, P.malariae, P. Knowlesi (сирек). Алдыңғы екеуі өте қауіпті. Anopheles масасының ауру жұқтырған аналық түрі шаққан кезде адам ауру жұқтырады. Сонымен қатар, қан құйған кезде, адам ағзасын ауыстырғанда немесе ауру жұқтырған адамға салынған инелерді не шприцтерді бірге қолданғанда безгек ауруы жұғуы мүмкін.
Аурудың 5 түрі бар: үш күндік және төрт күндік түрлері, овале-безгек, тропикалық және P. knowlesi тудыратын түрі. Барлық түрлері қызба өтуінің өз ерекшеліктерімен сипатталады. Көптеген адамдарда симптомдар ауру жұқтырғаннан кейін10 күн – 4 аптадан соң білінеді, бірақ симптомдар 7 күннен кейін де, бір жылдан соң да байқалуы мүмкін. Безгектің P. vivax және P. ovale деген екі түрі қайтадан пайда болуы мүмкін (рецидивті безгек).
БЕЗГЕКТІҢ НЕГІЗГІ СИМПТОМДАРЫ:
әр 2-3 күндеқайталанатын және 6 сағатқа дейін созылатын:
− Қалтырау,
− Бастың ауруымен бірге жүретін қызба,
− Шаршағыштықпен бірге білінетін тершеңдік.
Басқа симптомдардың арасында мыналар байқалады: буындардың ауыруы, құрысу, құсу, көк бауырдың және бауырдың ұлғаюы, зертханалық зерттеулерде – жеңіл анемия, билирубиннің артуы, несепте қанның болуы.
САЯХАТҚА ШЫҚҚАН КЕЗДЕГІ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ:
− Ұйықтаған кезде ұзақ уақытта әсер ететін инсектицидтермен өңделген арнайы торларды (есік-терезеге, төсектің үстіне ілу) қолдану;
− Қорғаныш киімді және масаларға қарсы қолданылатын репелленттерді қолдану;
− Сапарға шыққанға дейін, сапар кезінде және одан қайтып келгенде дәрігердің тағайындауымен профилактикалық медициналық препараттарды (химиопрофилактика) қолдану.