Орталық Азиядағы Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC/CA) “Эпидемиологияның заманауи әдістері, аса қауіпті ауруларды эпидемиологиялық қадағалау және аурулардың өршуін зерттеу” тақырыбында тренинг ұйымдастырып, оған ҚДСҰО-ның қызметкерлері қатысты. Аталған тренинг Алматыда инфекциялық аурулардың өршуі кезінде төтенше жағдайларға жедел ден қою тобының мамандарын даярлау мақсатында 3 апта бойы өткізілді.
Тренингке сондай-ақ ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сарапшылары, ҚР АШМ ветеринарлық қызметінің және М. Айқымбаев атындағы АҚИ ұлттық ғылыми орталығының ШЖҚ РМК мамандары қатысты.
«Бұл оқу курсы үш циклден тұрды және үш кезеңнен өтті және өте пайдалы болды. Үш апта бойы Орталық Азиядағы Ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі американдық орталықтың (CDC/CA) жаттықтырушылары бізге эпидемиологияның заманауи әдістері, аса қауіпті ауруларды эпидемиологиялық қадағалау құралдары және аурудың өршуі кезінде зерттеу жүргізу тәсілдері бойынша материал оқытты.
Тренинг нәтижелері бойынша біз эпидемиология саласындағы аурулардың өршуін зерттеу және оларға ден қою шараларын қабылдау кезінде қажет болатын қосымша құралдарды меңгердік», – деп айтты Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің басшысы Қанат Текебаев.
Курсты аяқтағаннан кейін ҚДСҰО-ның Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің басшысы Қ. Текебаевқа, ҚДСҰО ТЖ жанындағы Жедел орталықтың бас маманы Г. Терлікбаеваға және Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы Ж. Талғатқызына сертификаттар табысталды.
ҚДСҰО-ның “Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы” филиалынан эпидемиолог дәрігерлер А. Сатаева мен М. Мәди оқудан өтті.