Тұзды мөлшерден көп тұтыну бірнеше аурудың асқынуына әкеліп соғуы мүмкін. Бұл туралы ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жанар Қалмақова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, маңызды қоректік зат саналатын натрийді артық тұтыну кезінде жүрек ауруы, инсульт және мерзімінен бұрын өлім қаупі жоғарылайды. Ал натрийдің негізгі көзі – ас тұзы, бірақ ол натрий глутаматы сияқты басқа дәмдеуіштерде де кездеседі.
Тұзды көп тұтыну қан қысымының жоғарылауына әкеледі, инсульт, инфаркт, жүрек-қан тамырлары аурулары, бүйрек жеткіліксіздігі, асқазан қатерлі ісігі қаупін арттырады. Тұзды тұтынуды азайту халық денсаулығының көрсеткіштерін жақсарту үшін елдер қабылдауы мүмкін шығындар бойынша ең тиімді шаралардың бірі ретінде танылды. Ауруды кейін емдегеннен гөрі алдын алған дұрыс. Тұзды тұтынуды азайту бойынша ұсыныстарды сақтау қажет. Ересек адам үшін күнделікті норма күніне 5 грамнан аспауы керек,- деп атап өтті Жанар Қалмақова.
Айта кетерлігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы натрийді тұтынуды азайту туралы алғашқы жаһандық есебін жариялаған болатын. Онда әлемнің 2025 жылға қарай натрийді тұтынуды 30%-ға азайту жөніндегі жаһандық мақсатына жетуден артта қалып отырғаны айтылған.
Натрийді азайтудың экономикалық тиімді саясатын жүзеге асыру 2030 жылға қарай дүниежүзінде шамамен 7 млн адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Бұл – жұқпалы емес аурулардан болатын өлім жітімді азайту бойынша тұрақты даму мақсатына жету жөніндегі іс қимылдың маңызды құрамдас бөлігі.
Сондай-ақ әлем халқының тек 3%-ы натрийді міндетті түрде төмендету саясатымен қорғалған, ал ДДСҰ-ға мүше мемлекеттердің 73%-ы мұндай саясатты толық көлемде орындамай отыр.
Дереккөз: https://baq.kz/tuzdy-molsherden-tys-tutynu-qanshalyqty-qauipti-301635/