Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылғы 22-23 қыркүйекте Алматы қаласында инфекциялардың алдын алу және инфекцияны бақылау бойынша ұлттық конференция өткізеді, оның мақсаты ҚР – дағы ИАИБ жүйесін іске асыруды талқылау, шешуді талап ететін басым мәселелерді айқындау және елдегі ИАИБ жүйесін жетілдіру бойынша одан әрі іс-қимылдарды белгілеу болып табылады.
Медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялар (МККБИ) медициналық көмек көрсету кезінде жиі кездесетін жағымсыз құбылыстардың бірі және аурушаңдыққа, өлім-жітімге және өмір сүру сапасына әсер ететін қоғамдық денсаулық сақтаудың елеулі мәселесі болып табылады. Мұндай инфекцияларды тиімді ИАИБ шаралары арқылы алдын алуға болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бағалауы бойынша медициналық көмек көрсету кезінде дамыған елдердегі пациенттердің 7% – на дейін және дамушы елдердегі 10% – ы МККБИ-дің ең болмағанда біреуімен ауырады. Бұл инфекциялар денсаулық сақтау жүйесіне айтарлықтай экономикалық ауыртпалық әкеледі. Алайда, медициналық қызмет көрсетудің барлық деңгейлерінде жүйелендірілген және кешенді тәсіл, ИАИБ тиімді шараларының көмегімен МККБИ-дің елеулі пайызының алдын алуға болады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ДДҰ және ICAP-пен бірлесіп, COVID-19-ға ден қою кезінде 2020 жылдан бастап нұсқаулықтар мен нормативтік құжаттарды қайта қарады, медицина қызметкерлерінің әлеуетін нығайту және ИАИБ бойынша ұлттық сарапшылар пулын қалыптастыру үшін оқыту вебинарлары мен тренингтер өткізді.
“Қазақстанда инфекциялық қауіпсіздікті нығайту бойынша жүйелі жұмысты сақтау және жалғастыру үшін жаңа халықаралық практикалар мен ұсыныстарға негізделген 2022-2027 жылдарға арналған ИАИБ жүйесін жетілдіру жоспары әзірленді. Осылайша, Қазақстан медициналық қызмет көрсету қауіпсіздігін күшейту және еліміздің медициналық ұйымдарында инфекциялық аурулардың өршуінің алдын алу жолын жалғастыра алады”, – деп атап өтті ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ахметова Зәуре.
Пилоттық режимде медициналық ұйымдарда ИАИБ бағалаудың халықаралық құралдарын (ЮНФПА, СДС, ДДҰ, ICAP) пайдалана отырып, ИАИБ-тың негізгі компоненттеріне бағалау жүргізілді.
Жүргізілген талдау негізінде ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ICAP қолдауымен дәрістер циклін әзірлеп, медициналық ұйымдардың менеджерлерін, медицина қызметкерлерін және эпидемиологтарын онлайн және оффлайн форматта ИАИБ компоненттеріне үйретті. Қазіргі таңда ИАИБ компоненттеріне 2021 жылдың тамыз-қазан айларында ИАИБ бойынша ситуациялық талдауға қатысқан 78 медициналық ұйымнан 44 жоғары буын менеджері, 68 эпидемиолог-дәрігер және клиникалық бейіндегі 21 дәрігер оқытылды. 2022 жылғы 12 қыркүйектен бастап орта медицина қызметкерлері оқудан өтуде.
Жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша негізгі проблемалар анықталды және кейіннен ұсыныстарды 2022-2027 жылдарға арналған ИАИБ жүйесін жетілдіру жоспарына енгізу үшін медициналық ұйымдарда ИАИБ-ты жетілдіру бойынша ұсыныстар берілді.