Түйнеменің алдын алу шаралары

Түйнеме – ауыл шаруашылығы және жабайы жануарлардың барлық түрлерінің, сондай-ақ Bacillus anthracis бактериясы тудыратын адамның аса қауіпті инфекциялық ауруы. Тері немесе жайылған (септикалық, ішек, өкпе формалары) түрінде өтеді.
Адам бұл аурумен ауыратын ауыл шаруашылығы жануарларынан (ірі қара мал, жылқы, есек, қой, ешкі, бұғы, түйе) оларды күтіп-бағу, сою, етті өңдеу кезінде, сондай-ақ инфекция микробының споралары тұқымдары қалған мал шаруашылығы өнімдерімен (тері, тері бұйымдары, жүн, қылшық) байланыста болған кезде жұқтыруы мүмкін.
Ауру жануарлардың нәжісі мен зәрін жұқтырған топырақ көптеген жылдар бойы түйнеме спораларын сақтап, топырақ арқылы жұғуы мүмкін. Споралар теріге кішкене жарақаттар арқылы енеді, бұл түйнеменің тері формасының дамуына әкеледі. Тері формасы түйнеменің барлық жағдайларының 98-99 % құрайды. Аурудың ең көп таралған түрі – көршиқан. Әдетте көршиқан біреу ғана болады, бірақ кейде олардың саны 10-20 немесе одан да көпке жетеді.
Жәндіктер шаққан ізіне ұқсайтын қызғылт-көк және диаметрі 1-3 мм ауырмайтын дақ бірнеше сағаттан кейін қызғылт сары түсті іріңсіз бөртпеге айналып, қышиды және дызылдайды. Кейінірек іріңсіз бөртпе ішіне сұйықтық толған күлдіреуікке айналады да, қарайып қанталайды. Қасыған кезде (кейде өздігінен) күлдіреуік жарылып, шеті ісінген және қан бөлінетін қарақошқыл шұңқыр ойық жара пайда болады.
Өліеттенгеннің нәтижесінде жараның ортасы қара ауырмайтын қатты қабыршаққа айналып, оның айналасында қызыл түсті қабынған буылтық пайда болады. Ауқаттық инфекция (ішек түрі) ауру жануарлардың жеткіліксіз жылумен өңделген еті мен ет өнімдерін тұтынған кезде пайда болады. Қоздырғышты аэрогенді жолмен (зарарлы шаңды, сүйек ұнының деммен жұтуы кезінде) жұға алады. Мұндай жағдайларда өкпе түйнемесі пайда болады. Бірақ берілудің негізгі жолы – байланыс арқылы, тамақ және аспирацияялық жолмен өте сирек кездеседі.
Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, көбінесе 3-6 күн. Белгілері сылбырлық пен дененің жалпы әлсіздігі, 39-40°C жоғары температура, жергілікті лимфа түйіндерінің ұлғаюы, жүрек соғысының жиілеуі түрінде көрінеді. Жоғары температура 5-7 күнге созылуы, содан кейін ол күрт төмендеуі мүмкін. Егер жоғарыда аталған белгілерді байқасаңыз, дереу жұқпалы аурулар маманына медициналық көмекке жүгінуіңіз керек.
Алдын алу. Инфекция ошақтарын анықтау және жою ветеринариялық қызмет желісі бойынша жүргізіледі. Жүргізілген жұмыстарға қарамастан республикада жыл сайын түйнемемен ауырған адамдар тіркеледі. Соңғы 10 жылда республика бойынша 12 өңірде түйнеменің 83 жағдайы (өліммен аяқталған 5 жағдай) тіркелген, оның себебі ауыл шаруашылығы жануарларын ветеринариялық куәландырусыз сою және ауру жануарларды сою, санитариялық – ветеринариялық бақылау жүргізілмеген жеке тұлғалардан ет, ет өнімдерін сатып алу болып табылады.
Мұндай жағдайлардан аулақ болу керек және мал шаруашылығы шикізатын сатумен, қайта өңдеумен және тасымалдаумен айналысатын қызметкерлердің жеке алдын-алу шараларын сақтау қажет, санитарлық-ветеринарлық бақылау жоқ өздігінен құрылған сауда орындарында “жеке меншік иелерінен” ет пен ет өнімдерін сатып алмау керек. Түйнеме жұқтыру қаупі бар адамдарға (тері шикізаты мен жүнді қайта өңдеу кәсіпорындарының, ет комбинаттарының қызметкерлеріне, ветеринариялық қызметкерлерге, түйнеме қоздырғышымен жұмыс істейтін зертханалардың қызметкерлеріне) түйнеме вакцинасымен профилактикалық екпелер жүргізіледі.

ҚР ДСМ ҚДСҰО
Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы
ТЖ жедел орталығының бас маманы
Бижанова Гүлнар Әлібекқызы