Адамның көптеген жұқпалы ауруларының ішінде ішек инфекциясы (ІИ) маңызды орын алады. Жер бетіндегі әрбір адам өз өмірінде бұл аурумен ауырады.
Ішек инфекциясы – бұл, ең алдымен, ас қорыту жүйесіне зақым келтіретін жұқпалы аурулардың бүтін бір тобы. Мұндай аурудың 30-дан астам түрі бар. Олардың ішіндегі ең «зиянсызы» – тамақтан улану деп аталады, ал ең қауіптісі – тырысқақ, іш сүзегі, ботулизм, сальмонеллез, бруцеллез, дизентерия және т.б.
Халық арасында аурулар, көбінесе жаппай таралатын аурулар мен су факторы арасындағы байланыс бұрыннан белгілі. Әсіресе, жіті ішек инфекциялары мен кейбір ішек құрт инвазиясының таралуында суға ерекше мән беріледі. Белгілі бір патогенді микроорганизмдер табиғи суда ұзақ уақыт сақталып, тіпті көбеюі де мүмкін.
Қоршаған ортадағы ауру тудыратын микроорганизмдердің, ішек вирустарының және гельминт жұмыртқаларының негізгі резервуары – нәжіс және шаруашылық-тұрмыстық ағынды сулар. Үй және жабайы жануарлар да адам үшін ауру тудыратын микрофлораның көзі бола алады.
Ішек инфекциясының берілу механизмі:
– алиментарлық (яғни ауыз арқылы);
– нәжісті-ауыз (тамақ немесе су арқылы);
– тұрмыстық.
Жіті ішек инфекциясы қоздырғыштарының көпшілігі сыртқы ортада өте төзімді, патогендік өз қасиеттерін суықта (мысалы, тоңазытқышта) жақсы сақтайды. Берілу факторлары – тамақ өнімдері (су, сүт, жұмыртқа, торт, ішек инфекциясының түріне байланысты ет), тұрмыстық заттар (ыдыс-аяқ, сүлгі, лас қол, ойыншық, есік тұтқалары), ашық су айдындарында шомылу. Инфекцияның таралуында жеке гигиена нормаларын сақтау немесе сақтамау негізгі рөл атқарады (дәретханадан кейін, науқасты қарағаннан кейін, тамақтану алдында қол жуу, тұрмыстық заттарды дезинфекциялау, науқасқа жеке ыдыс пен сүлгіні бөлу, қарым-қатынасты барынша азайту).
Тырысқақ, іш сүзегі, дизентерия, сондай-ақ сарғаю белгісі бар және сарғаю белгісі жоқ микоспироздар, амебиаз, вирустық диарея сияқты ішек ауруларының үлкен тобы су арқылы таралады. Ішекте көбейіп, бактериялар немесе вирустар, біріншіден, ас қорыту процесінің бұзылуына, екіншіден, ішек шырышты қабаты жасушаларының қабынуына әкеледі.
Ішек инфекцияларының қоздырғыштарымен ластанған, қайнамаған суды пайдаланған кезде, ал тұрмыста – жемістер мен көкөністерді, асхана ыдыстарын, емізік пен ойыншықтарды осындай сумен жуған кезде, ашық су айдындарында шомылған кезде суды жұтып қойғанда және т.б. су арқылы ЖІИ жұқтыруға болады.
Жасына және жынысына қарамастан ішек инфекцияларына бәрі бірдей бейімді келеді. Ішек патогендеріне балалар мен қарт адамдар, асқазан және ішек аурулары бар адамдар, ішімдіктен зардап шегетін адамдар өте бейім боп келеді.
Эпидемиологиялық ахуал
2021 жылы барлығы 8932 жағдай тіркелді, сырқаттанушылық көрсеткіші, 100 мың адамға шаққанда, 47,01 құрады, ал 2020 жылы 6946 жағдай тіркелді, сырқаттанушылық көрсеткіші 38,01 құрады. Салыстырғанда ЖІИ сырқаттанушылығының 23,68% – ға өскені байқалады.
2020 жылы, 100 мың адамға шаққанда, ішек инфекцияларымен сырқаттанудың артуы Алматы, Шымкент қалаларында, Қызылорда, ШҚО, Қостанай, Ақтөбе қалаларында және Қарағанды облыстарында байқалады.
2021 жылы сырқаттанушылықтың өсуі Нұр-Сұлтан қаласында, Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл, ШҚО және Қостанай облыстарында байқалады.
Жекелеген жас топтары бойынша ЖІИ-мен сырқаттанушылықты талдау, жалпы республика бойынша, 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы өткен жылдардағыдай жоғары болып қалатынын көрсетті, мәселен, талданып отырған кезеңде ЖІИ жағдайлары арасында олардың үлесі 81,2% (725 жағдай), 2020 жылы – 73,3% (5097 жағдай), 2019 жылы – 71,4% (8142 жағдай) құрады.
14 жасқа дейінгі балалар арасында 0 айдан 3 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады (2 жас 11 ай. 29 күн), олардың үлесіне 75,2% (7256 жағдайдан 5454 жағд.) келеді.
ЖІИ-мен сырқаттанушылықтың су факторымен байланысты сипаттамасы
Су жұқпалы аурулардың негізгі таралу факторларының бірі болып табылады. Су арқылы таралу жолы тырысқақ, іш сүзегі, дизентерия, лептоспироз, туляремия, инфекциялық гепатит ауруларына, аденовирусты инфекцияларға, туберкулезге және гельминтоздарға тән боп келеді. Ауыз су халық арасында кейбір жұқпалы емес аурулардың пайда болуына да себеп болады.
ЖІИ-дің берілу жолдары тіркелген ауру жағдайларының 82,9%-ында (7405 жағдай) анықталды. Негізінен, тағам арқылы берілу жолы 79,1% (5857), тұрмыстық қарым-қатынас арқылы – 20,8% (1538) және су арқылы берілу жолы 0,1% (10) құрайды.
ЖІИ ошақтарынан 2039 су үлгісі алынды, оның ішінде оң нәтиже 1,6-сында (33 үлгі) анықталды, Қызылорда облысында 8 патогенді сальмонелла микрофлорасы табылды. Жалпы колиформды бактериялар (ЖКБ) бойынша сынамалардың сәйкес келмеуі анықталмады. Термотолерантты колиформды бактериялар (ТКБ) бойынша сәйкессіздік – 24,2%, жалпы микробтық сан (ЖМС) бойынша сәйкессіздік – 27,3%, бұл судың нәжіспен ластануының жанама көрсеткіші болып табылады және ішек инфекцияларының қоздырғыштарына қатысты эпидемиологиялық қауіпті көрсетеді.
Мониторинг жүргізу және халық денсаулығына кері әсерін болдырмау мақсатында республикада су үлгілеріне зертханалық зерттеулер жүргізілді.
Санитариялық-гигиеналық фонды зерттеу үшін барлығы 55972 су үлгісі зерттелді, оң нәтижелі сынамалар 2,5%-да (1427) анықталды, ал 2020 жылы 12,6%-нда анықталған.
ЖІИ-мен сырқаттанушылықтың алдын алу шаралары
Ауыз су режимін сақтау:
- Ішу үшін тек қайнаған немесе бөтелкедегі суды қолдану керек.
Жеке гигиена ережелерін сақтау:
- Қолды жақсылап, сабындап жиі жуу керек, мұны әсіресе дәретханаға барғаннан кейін, тамақ ішердің алдында және көшеден келген кезде істеген дұрыс;
- Тырнақ тістеу сияқты жаман әдетті тастау керек.
Тамақ дайындау ережелерін сақтау:
- Тамақты оңтайлы гигиеналық жағдайда дайындау: тамақ дайындау кезінде оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек;
- Тағам дайындау технологиясын сақтау, бұқтыру, пісіру және термиялық өңдеудің басқа да тәсілдеріне дағдылану;
- Өнімдерді аспаздық өңдеуден өткізу ережелерін сақтау – ет, балық және көкөніс турау үшін әртүрлі тақтайлар мен пышақтарды қолдану керек;
- Жемістерді қайнаған сумен шайып, ыстық сумен сапалы өңдеуден өткізу;
- Жаңа піскен көкөністерді тамаққа термиялық өңдеуден кейін пайдалану;
- Тамақтанғанда жаңадан дайындалған тағамды ғана пайдалану керек.
Азық-түлік сатып алу кезінде:
- Тамақ өнімдерінің сыртқы түріне, иісіне және затбелгісіндегі ақпаратқа;
- Тамақ өнімдерінің дайындалған күніне назар аудару қажет – жарамдылық мерзімі өткен тамақ өнімдерін сатып алмау және пайдаланбау керек;
- Азық-түлікті тек арнайы рұқсат етілген сауда орындарынан алу;
- Сапасы күмән тудыратын азық-түлікті, сапасы нашар тамақ өнімдерін сатып алмау қажет.
Суда жүзу ережелерін сақтау:
-
- Су айдынында шомылған кезде суды жұтпау керек.
- Су айдынында шомылған кезде суды жұтпау керек.
Қазіргі кезде ішек инфекцияларына қарсы вакцинация түрінде арнайы қорғаныш құралдары: Зона Шигеллаға қарсы дизентерия вакцинасы, А гепатитінің, іш сүзегінің алдын алуға арналған вакцина қолданылады.
Асқазан-ішек жолдары жұмысының бұзылуында емдеу-профилактикалық мекемеге бару уақытылы диагноз қоюға, тиісті ем тағайындауға және инфекцияның таралуының алдын алуға көмектеседі.
Денсаулығыңызды қадағалаңыз!
Фазыл Мадина Бекболатқызы, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Аса қауіпті инфекциялардың алдын алу және зертханаларды дамыту бөлімінің бас маманы