2019 жылдың аяғында дүниежүзі бұрын белгісіз коронавирус түрімен бетпе-бет келді, кейіннен ол COVID-19 пандемиясының себебіне айналды. Адамдарда ауруды тудыратын, алғашқы жағдайлары Қытайда тіркелген инфекцияға иммунитеттің мүлдем болмауына байланысты, ол бүкіл әлемге тез таралды. Вирус 3 айға жуық уақыт ішінде жарты миллионнан астам адамға жұқты. Пандемия жүрген 2 жылда шамамен 540,909920 миллион адам ауырып, 6,332290 миллион адам қайтыс болды.
Бірақ COVID-19 салдары қаншалықты қорқынышты болса да, бұл адамзаттың сан алуан дәуірлерде басынан өткен алғашқы және ең қорқынышты індет емес екені анық.
Инфекциялық аурулар тас дәуірінің өзінде, аңшылар мен жинаушылар кезеңінде болған. Бірақ, отырықшылыққа көшу әлеуметтік-экономикалық прогресті ғана дамытып қоймай, сонымен қатар эіндеттердің дамуына кері әсер етті. Зерттеушілер дәл сол кезде безгек, алапес, туберкулез, шешек, тұмау пайда болуы мүмкін деп болжайды. Өркениет дамыған сайын, қалалар үлкейіп, әртүрлі елдер арасында тығыз сауда қатынастары жиілей бастаған сайын, пандемия қаупі де адамзатқа төне бастайды.
Юстиниа́н обасы —– Византия императоры Юстиниан I билігінің кезінде адамзат тарихында алғашқы тіркелген оба пандемиясы (әлемдік індет). Ол сол кездегі өркениетті елдердің барлық аумағында таралды.
Бұл сұм ауру Ливия мен Мысырға маңғазды «дала кемелерінің» жүнінде сауда керуендерімен бірге Эфиопиядан келді және трюмдарына 800-1000 тоннаға дейін астық тиеген алып византиялық кемелердегі егеуқұйрықтармен бірге палубалардан түсті. Оба бүкіл өркениетті елдерді жаппай жапырып, саяси картаны өзгертті.
Жерорта теңізінің сауда жолдары арқылы ауру Константинопольға жетіп, осы орталықтан Византияның солтүстік, оңтүстік және шығыс бөліктеріне таралды. Індет Солтүстік Африкада, бүкіл Еуропада, Орталық және Оңтүстік Азияда және Арабияда орын алды, бірақ Шығыс Азияны айналып өтті деуге болады.
Византия империясында індет 544 жылға қарай жоғары шегіне жетті, Константинопольде күн сайын 5 мыңға дейін адам қайтыс болды, ал кейбір күндері 10 мыңға жуық адам жан тапсырды.
Шығыста шамамен 66 миллион адам обаның құрбанына айналды (Константинополь халқының үштен екісі қайтыс болды), Еуропада одан 25 миллионға дейін адам көз жұмды. Дәл осы оба ирландиялық дереккөздерде (549—550 жылдар) crom conaill ретінде тіркелген болуы керек: бұл індеттен көптеген әулиелер мен ел билеушілер (оның ішінде Валлий корольдығының патшасы Гвинед Майлгун және Клонардтық Финниан әулие) қайтыс болды.
Лондондағы «Ұлы оба» (1665-1666 жж.) – Індет кезінде Лондон халқының шамамен 20% – ы (шамамен 100 мың адам) қырылды. Сол жылдары Еуропалық қала үлкен бір бейітті елестетті. Мәйіт болған адамдардан басқа, аурудың қоздырғышы деп саналған өлі иттер мен мысықтар үйіліп жатты. Індетті тоқтатуға басқа ажал -1666 жылдың 2 қыркүйегінде басталған өрт көмектесті, ол қаланың көп бөлігін жалмай отырып, ауру жұқтырған бүргелерді тасымалдаған егеуқұйрықтарды да жойды. Көп ұзамай обаның өршуі тоқтады.
Испандық тұмау (1918ж.) – бұл осы күнге дейін адамзат тарихындағы ең көп таралған індет. 3 жыл ішінде 1,5 миллиардтан астам адам, яғни планетаның әрбір үшінші тұрғыны инфекция жұқтырды. Түрлі ақпарат көздеріне сүйенсек, қайтыс болғандардың саны 20-40-тан 100 миллионға дейін жетеді. Айта кету керек, жиі таралған пікірге қарамастан, «испан» ауруы Испанияда пайда болмаған. Инфекция жұқтырудың алғашқы жағдайы АҚШ-та болды, ал Испания әлемде бірінші болып жаппай инфекция жұқтыру туралы жариялады.
Аурудың тез таралуына соғыс және елдер арасындағы көлік қатынасының пайда болуы әсер етті. Жағдайды профилактикалық шараларды сақтамау және вирустар туралы білім таяздығы ушықтырды. Індет 1919 жылдың жазында жойыла бастады, бұл кезде ауру жұқтырғандардың көпшілігі қайтыс болды немесе вирусқа қарсы иммунитет дамыды.
Адамзат өз тарихында 3 оба пандемиясын, 7 тырысқақ пандемиясын, іш сүзегі мен шешек ауруының бірнеше толқынын, кем дегенде 6 тұмау пандемиясын басынан кешірді. Біз АИТВ–ЖИТС және туберкулез пандемиясы белсенді фазада қалып отырған әлемде өмір сүріп жатырмыз. Енді бұл тізімге COVID-19 қосылды. Тарих қайталанып келеді. Соңғы оқиғалар мұны тағы да растайды. Қазіргі пандемияға қарсы тұру үшін өткеннен сабақ алған жөн.
Инфекциялық аурулар індетінің себептері туралы ілімнің негізін қалаушы Гиппократ – ежелгі грек дәрігері және философы болып табылады. 2400 жылдан астам уақыт бұрын Гиппократ өзінің «Індет туралы жеті кітап», «Ауа, су және жер туралы» еңбектерінде «індет» сөзімен адамдар арасындағы инфекциялық сипатқа ие жаппай аурулар туралы айтты.
Алғашқы вакцина өз атауын vaccinia (сиыр шешегі) деген сөзден алды, бұл ірі қара малдың вирустық ауруы дегенді білдіреді. Вакцинация арқылы шешек ауруын жою вакцинацияның пайдасына ең күшті дәлелдердің бірі болып табылады. Вакцинация тарихы 1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер сиырдың сауыншысы Сара Нелмс пен бағбанның 9 жасар ұлы Джеймс Фиппс қатысқан эксперимент жүргізген кезде басталды. Дәрігер биоматериалды әйелдің жарасынан алып, оны баланың қолына алып келді. Біраз уақыттан кейін Дженнер Фиппс вариоляциясын бірнеше рет өткізді, бірақ бала ешқашан шешек белгілерін дамытпады. Шамамен 100 жылдан кейін (1876-1881 жылдары) Луи Пастер вакцинациялаудың негізгі принципін — вирустық штаммдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру үшін әлсіреген микроорганизмдер препараттарын қолдану принципін қалыптастырды. 1885 жылы Луи Пастер ауру жағдайларының 100% – ы науқастың өлімімен аяқталатын құтырма ауруына қарсы вакцина ойлап тапты. 1885 жылдың 6 шілдесінде оның зертханасына 9 жасар баланы әкелді, баланы қатты тістегендіктен, оның жазылуына ешкім сенбеді. Пастер әдісі баланың анасы үшін жалғыз үміт көзі болды. Бақытқа орай, бала толық жазылды, бұл ғалымға шынымен әлемдік даңқ әкелді.
Содан бері бактериялар, вирустар және қарапайымдылар тудыратын қырықтан аса инфекциялардан қорғайтын 100-ден астам түрлі вакциналар пайда болды.
Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған жеңілірек екені барлығына мәлім. Әсіресе бұл гепатит, полиомиелит, туберкулез, дифтерия, сіреспе және басқа да ауыр инфекцияларға қатысты. Осы аурулардың алдын алу мақсатында бүкіл әлемде вакцинациялау жүргізіледі. Қазақстан да шетте қалмайды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 612 Қаулысына сәйкес, балаларға жоспарлы профилактикалық егулер Қазақстан Республикасының Ұлттық екпелер күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Барлық міндетті екпелер бюджет қаражаты есебінен тегін салынады.
Осылайша, Қазақстанда балаларға олар тіркелген емханада міндетті профилактикалық екпелерді тегін салады. Екпелердің тізімі ҚР Қаулысымен бекітілген. Тегін екпелерге мыналар жатады:
- туберкулезге (БЦЖ),
- В гепатитіне,
- полиомиелитке, көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге (АКДС),
- b типіндегі гемофильді инфекцияға
- пневмококк инфекциясына,
- қызылшаға, қызамыққа және паротитке (шошқа мойынға) қарсы вакциналар.
Вакцинациялаудың мәні адам организміне вакциналардың – әртүрлі инфекциялардың әлсіреген немесе өлтірілген қоздырғыштарының (немесе қоздырғыштың ақуыздарымен бірдей жасанды түрде синтезделген ақуыздар) енгізілуінде. Бүкіл вакцинопрофилактика иммунологиялық жады құбылысына негізделген. Оның арқасында жасанды түрде ұзақ мерзімді, кейде инфекцияға қарсы өмір бойғы иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Вакцинациялау дамыған сайын антивакцинаторлардың қозғалысы да белең ала бастады. Вакцинациялауға қарсы догмалы оппоненттер алға қойған барлық көзқарастар ғылыми тұрғыдан жоққа шығарылды. Антивакцинация ғылымды теріске шығарудың бір түрі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының қорытындысына сәйкес, антивакцинаторлардың пайымдаулары ғылыми деректермен расталмаған және «қорқынышты және қауіпті адасушылық» ретінде сипатталған. 2019 жылы ДДСҰ вакцинациялауға деген сенімсіздікті денсаулық сақтау саласындағы басты он проблеманың тізіміне енгізді.
Вакцинациялау жүргізілмеген жағдайда төмендегілер алдымыздан келуі мүмкін:
1) Туберкулезді жұқтыру жағдайларының 38%-ы өлімге әкеледі;
2) Дифтерия жұқтыру жағдайларының 20%-ы ересектер арасында қайтыс болумен аяқталады, ал балалар арасындағы жағдайлардың 10%-ы өлімге әкеледі;
3) Сіреспе жұқтыру кезінде өлім жағдайлары (емдеудің заманауи әдістері қолданған кезде) олардың 17-25%-ында кездесуі мүмкін, ал жаңа туылған сәбилердің арасында қайтыс болу жағдайлары 95%-ды құрайды;
4) Көкжөтел ауруына шалдыққан он жағдайлардың бірінде балада өкпе қабынуы түріндегі асқынулар байқалады, мың жағдайдың жиырмасында құрысулар, мың жағдайдың төртеуінде мидың зақымдалуы (энцефалопатия) пайда болады;
5) Қызылшамен ауырған жағдайда асқынулардың болу мүмкіндігі 30%-ды құрайды. Ол соқыр болуға, энцефалитке, созылмалы энтеритке, тыныс алу жолдарының ауыр инфекцияларына әкеледі. Мың жағдайдың бір жағдайында балада энцефалит түріндегі асқыну байқалады;
6) Әр адам үшін өмір сүру кезінде B гепатитін жұқтыру қаупі 20-60%-ды құрайды; созылмалы В гепатитінен толық жазылу мүмкіндігі өте аз — 10%-ға жуық;
Инфекциялық аурулардың алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі – вакцинациялаудың даму тарихы ұзақ уақытты қамтиды. Эмпирикалық бақылауларға сүйене отырып, вакцинациялау иммунитетті қалыптастыратын процестер туралы ғылыми түсінік қалыптасқанға дейін шын мәнінде қорғаныш әсерінің болуын дәлелдей алды. Микробиология, иммунология, инфекция туралы ілім қалыптастырған пәнаралық салада бола отырып, вакцинациялау инфекциялық аурулардың спецификалық алдын алу әдісі ретінде ғылымның тағы бір саласы – вакцинологияның қалыптасуына ықпал етті.
Қазіргі уақытта ғылымның бұл саланың жоғары қолданбалы маңызы, жоғары технологиялық құралдарға ие және адам мен жануарлардың инфекциялық патологиясы саласынан бөлек салаларға да өз үлесін қосады.
Фазыл Мадина Бекболатқызы,
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының аса қауіпті инфекциялардың алдын алу және зертханаларды дамыту бөлімінің бас маманы