Скрининг – медицинада бұрын танылмаған ауруды немесе қауіп факторын сауалнама, физикальдық немесе зертханалық зерттеу арқылы, сондай-ақ салыстырмалы түрде тез орындалатын басқа да процедуралардың көмегімен сәйкестендіруге бағытталған алдын алу шаралар кешенінің маңызды құрамдас бір бөлігі.
Скрининг өткізудің мақсаты – ауруды оның белгілері пайда болғанға дейін анықтау, яғни ерте анықтау, ерте емдеу, демек, пациенттің өмір сүру ұзақтығын арттыру.
Ересектер мен балалардың нысаналы топтарын скринингтік зерттеулер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде медициналық қызметтерді бөле отырып, тегін жүргізілетінін атап өткен жөн.
Қазақстанда скринингтен өту ережесі «Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы қарап-тексерулерді өткізудің қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қазандағы №174/2020 бұйрығымен (бұдан әрі – Бұйрық) бекітілген және мінез-құлық қауіп факторларын, артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабетін, глаукоманы, жатыр мойны обырын, сүт безі обырын, колоректальді обырды, В және С вирустық гепатиттерді ерте анықтауға скринингтік зерттеулер жүргізу тәртібін қамтиды.
Бүкіл әлемде скрининг-зерттеулер ауруларды ерте анықтаудың негізгі қағидаттарының бірі болып табылатыны туралы ортақ пікірді ұстанады. Көптеген елдердің қатарында Қазақстан 2008 жылдан бастап негізгі ИЕА, оның ішінде қан айналымы жүйесі аурулары мен қант диабетін ерте анықтауға скринингтік тексерулерді енгізді.
Бұл тексерулерден кім өтеді?
Артериялық гипертониямен, жүректің ишемиялық ауруымен және қант диабетімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 40-70 жастағы ерлер мен әйелдер.
Бұл тексерулер нені білдіреді?
Бұл тексерулер 2 сатыдан тұрады.
Бірінші сатыны орта медицина қызметкері жүргізеді және мыналарды қамтиды:
- антропометриялық өлшеулер жүргізу (салмағы, бойы, белдің көлемі), Кетле индексін есептеу (ДСИ – дене салмағының индексі)
- сауалнама жүргізу;
- орындыққа отырғызып, интервалы 1-2 минутта артериялық қысымды екі мәрте өлшеу;
- жалпы холестерин мен қан глюкозасының экспресс-диагностикасын жүргізу.
Екінші сатыны МСАК дәрігері жүргізеді, ол жүрек-қантамыр қаупін анықтау және бұдан әрі тексеріліп жатқан адамды одан әрі емдеп-қарау туралы шешім қабылдау үшін SCORE шкаласын қолданады.
Егер нормадан ауытқулар анықталса, нені білу керек?
Электрокардиограммада өзгерістер анықталған кезде, холестерин деңгейі 5,0 ммоль/л-ден астам, артериялық қысымы 140/90 с.б.м. жоғары, сондай-ақ жүрек жиырылуының жиілігі нормадан ауытқыған кезде зерттелетін адамды кардиологқа жібереді.
Қан глюкозасының жоғары деңгейі анықталған жағдайда (7,0 ммоль/л артық) емделушіні тұрғылықты жері бойынша учаскелік терапевт / ЖПД консультациясына жібереді, қант диабетінің клиникалық белгілері болған кезде (шөлдеу, полиурия, әлсіздік, көру қабілетінің бұзылуы) дене салмағының индексі 25-тен жоғары болған кезде эндокринологқа жібереді.
Кардиолог, эндокринолог диагностикалау және емдеу хаттамаларына сәйкес кейінгі қарап-тексеруді жүргізеді.
Анықтама үшін: 2021 жылы қан айналымы жүйесі ауруларын анықтау үшін қарап-тексеруге жататын ересек адамдардың нысаналы топтарының арасынан 1 439 612 адам скрининг – тексеруден өтті, бұл 93,2% құрады. 71 217 адам – ҚЖА бар науқастардың 4,9%-ы анықталды. Анықталған науқастар ішінен 61 956 адам “Д” есепке алынды – 87,0%.
2021 жылы қант диабетін анықтау үшін қарап-тексеруге жататын адамдардың ішінен 1 535 610 адам тексерілді, бұл 96,6% құрады. Қант диабетімен ауыратын 15 398 науқас адам (1,0%) анықталды. ҚР бойынша анықталған адамдардың ішінен 11 966 адам “Д” есепке алынды – 77,7% .
Конуршина Гульжан Игембаевна
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы
Скринингтік бағдарламаларды талдау бөлімінің басшысы