Балалар арасында семіздіктің көбеюі дүниежүзінің барлық елдерінде байқалады, ол дамыған елдерде аздап көбейген (он жылда орта есеппен 30 – 50 %-ға) және дамушы елдерде қатты көбейген (бастапқы төмен деңгейлерді есеп ала отырып, он жылда 400%-ға жуық). Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректеріне сәйкес, дұрыс тамақтанбау семіздік, қант диабеті, жүрек ауруы және қатерлі ісік сияқты 60 пайыздан астам созылмалы ауруларды тудырады. Аурудың себептері ретінде тамақтану факторларының маңызы қимыл-қозғалысы аз өмір салты, темекі шегу және ішімдік ішу себептерінен де басым. Тамақтану балалардың денсаулығы мен дамуы үшін ерекше рөл атқарады.
Қазақстанда Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҚДСҰО) жүргізген ДДСҰ-ның Еуропалық бастамасы шеңберінде іске асырылатын балалар семіздігін эпидқадағалау деректері (COSI) қалалық және ауылдық жерлерде 7-8 жастағы балалардың 27%-ы және тиісінше 20%-ы артық салмақтан және семіздіктен зардап шегетінін көрсетті. 2015 және 2020 жылдары 8 жастағы балалар арасында семіздікті эпидқадағалау нәтижелерін салыстыра отырып, балалар арасында дұрыс тамақтанбаумен тікелей байланысты жеткіліксіз және артық салмақ мәселесі өткір сипат ала бастағанын көруге болады: 2015 жылмен салыстырғанда 2020 жылы 8 жастағы артық салмағы бар және семіздікке шалдыққан балалардың үлесі 18.7% – дан 21% – ға дейін, ал салмағы жеткіліксіз балалардың үлесі 3% – дан 5.6% – ға дейін артқан.
АҚШ артық салмақ бойынша алдыңғы қатардағы елдердің бірі болып саналады. Америкалықтар фаст-фудты көп пайдаланудың салдарын тартып жатыр. Баланы кафеге апарған кезде ата-аналар құнарлылығы аз тағамдарды таңдауы керек, қалай дұрыс тамақтану керектігін, қауіпті тағам өнімдері туралы білуі қажет. Балалар семіздігі – өте маңызды мәселе. Егер ол балалық шақта пайда болса, онда 90% жағдайда бұл есейген кезде де жойылмайды.
Таза қантты пайдалану тіс кариесінің пайда болу қаупін арттырады. Құрамында таза қанты бар тағамдар мен сусындардан пайда болатын артық калория салмақты шамадан тыс көбейтеді, бұл артық салмаққа және семіздікке әкелуі мүмкін. Жақында қан қысымы мен қан сарысуындағы липидтерге таза қанттың әсер ететіндігі туралы нақты мәліметтер алынды. Бұл таза қантты пайдалануды азайту жүрек-қан тамыры ауруларының қаупін төмендетуге көмектеседі деп болжауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда құрамында қанты бар өнімдер мен тұзды тұрғындардың көп пайдалануына ерекше назар аудару керек, олардың нарығы соңғы онжылдықта күрт өсуде, алкогольсіз сусындар өндірісінің өзі ғана жылына 24,9% – ға өсті.
Құрамында қанты бар сусындарды (CCН) жаһандық тұтыну артып келеді және орташа есеппен күніне 230 мл құрайды және оларды тұтыну жастар арасында жиі таралған.
2018 жылы Қазақстан Республикасында жүргізілген Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы (HBSC) сауалнамасының деректері бойынша 11-15 жастағы балалардың 17% – ы тәтті сусындарды күн сайын ішеді, ал балалардың 14,5% – ы оларды апта сайын ішеді. Басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Орта Азия мен Еуропаның 21 елінің арасында 9-орында тұр. Сонымен, күніне бір тәтті сусын ішу ересек адамда және балада артық салмақтың болу ықтималдығын 27%-ға және тиісінше 55%-ға арттырады. Сонымен қатар, күніне бір-екі тәтті сусын ішу 2-типті қант диабетінің даму қаупін бұл сусындарды сирек ішетіндермен салыстырғанда 26 пайызға арттырады.
Сондай-ақ, тәтті сусындар сүйектердің сау болуы үшін де үлкен проблема тудырады: сусындардың құрамында фосфаттардың мөлшері көп болады. Кальциймен салыстырғанда, фосфатты көп тұтыну сүйектердің сау болуына зиянды әсер етуі мүмкін. Кальцийді жеткілікті мөлшерде алу сүйектер қалыптасатын балалық шақта да, жасөспірім кезде де өте маңызды. Әдетте, алкогольсіз сусындарда кальций мен басқа да пайдалы қоректік заттар болмайды, бірақ олар жастарға кеңінен сатылады.
Құрамында қанты бар сусындар – балалар өте жақсы көретін морс, жеміс шырындары, газдалған сулар қауіпті! Бұл өнімдердің барлығында қант көп болады. Оларды ішкен кезде қант қанға тез сіңеді. Қантты қайта өңдейтін инсулиннің тез бөлінуі жүреді. Инсулин көп бөлінетіндіктен, ол қант деңгейін төмендете береді, ал қант деңгейінің төмендеуі – тәбеттің артуы. Яғни, шөлді басу үшін мұндай сусындарды ішу арқылы сіз кері әсер аласыз – шөліңізді баспайсыз және тәбетіңізді күшейтесіз. Шөлді жай сумен басу керек! Басқа сусындар 3-ші тағам болып саналады. Тағы да айтамыз, мұндай өнімдердің рационда болуы мүмкін, бірақ шамаңызды біліңіз!
Қант пайдалануды мынадай жолдармен азайтуға болады:
- тәтті тіскебасар, кәмпит жәнен тәттілендірілген сусындар сияқты қант мөлшері жоғары тағам өнімдері мен сусындарды (яғни, құрамында таза қанты бар сусындардың барлық түрлерін, мысалы, газдалған және газдалмаған салқындатылған сусындарды, көкөніс пен жеміс шырындары мен сусындарын, сұйық және ұнтақты концентраттарды, дәмдік қоспалары бар суларды, энергетикалық және спорттық сусындарды, дайын шай мен кофені, дәмдік қоспалары бар сүт сусындарын) пайдалануды шектеу керек;
- тәтті тіскебасарларды балғын көкөніс пен жеміске алмастыру керек.
Сусындарда жиі қолданылатын қант алмастырғыштарға өте сақ болу керек. Ең нашар алмастырғыштардың бірі – аспартам (басқа атауы – нутрисфит, Е951). Бұны өнімді арзандату үшін қолданады! Жануарларға зерттеулер жүргізіп, құрамында аспартам бар тағамдарды қолдану мидың қатерлі ісігіне, жүйке талшықтарының бұзылуына әкелетіні дәлелденді.
Сондай-ақ, бұл қант алмастырғыш 40 градустан жоғары температурада метан және формальдегид сияқты заттарға айналады, ал бұл у болып табылады! Жылдың ыстық мезгілінде ашық аспан астында қалған мұндай сусындар улы сусындарға айналады. Бұл өнімдерден улану жағдайлары кездескен. Өндірушілер «Салқындатып ішіңіз» деп жазады, бірақ олар денсаулық туралы мүлдем ойланбайды. Осылайша өндірушілер өздерін сот істерінен қорғауға тырысады.
Тағы да бір қант алмастырғыш – фруктоза. Ол кондитерлік өнімдерде қолданылады. Бұл жерде қауіп мынада: фруктоза қосылған өнімдерді шектен тыс пайдаланған кезде ол майға айналады! Салмақты азайтып, фруктоза қосылған өнімдерге көшетіндерге мұны есте ұстағаны жөн. Шектеулі мөлшерде болса да қантты пайдалану керек! Балалардың тамақтануында қант алмастырғыштардың болмауы тиіс! Оларды тек дәрігердің тағайындауымен ғана қолдануға болады!
Баланың дені сау болсын десеңіз
Бала тәрбиесінде ата-аналар тамақтану мәдениетіне назар аударуы керек. Тамақтану режимі болуы тиіс – үш рет тамақтану міндетті болуы керек. Тамақтану режимі тағамды қорыту тұрғысынан да маңызды. Егер бала режимге үйретілген болса, онда белгілі бір уақытқа қаарй асқазан сөлі мен ас қорыту ферменттері бөліне бастайды. Тамақтану ұзақтығы да маңызды. Тамақтану 20 минуттан кем болмауы керек. Осы уақыт ішінде ас қорыту сөлі дұрыс бөлінеді, бұл кезде балада қанағат сезімі пайда болып, өзінің тойғанын сезінеді. Жүре тамақтанған дұрыс емес!
Теледидардың және компьютер мониторының алдында, телефондағы ойынды ойнап отырып тамақтануға болмайды. Бұл кезде баланың миы глюкозаны көптеп қажет етіп, қарқынды жұмыс істейтіні белгілі. Бала мұны байқамай, тамақты артық жеп қояды.
Артық салмақтың алдын алу мәселесінде дене белсенділігі маңызды. Статистика бойынша, балалардың 50% – дан астамы спортпен шұғылданбайды. Физикалық жағынан белсенді балаларға бұлай істеуге болады, өйткені олар калорияларды жоя алады. Гиподинамия семіздікке ықпал ететін фактор болып табылады. Егер баланың артық салмағы болса, дәрігерлер дене белсенділігін, бірақ майларды жоюға арналған арнайы дене белсенділігін ұсынады. Ата – аналарды – балаларыңыздың ақыл-ойын ғана емес, сонымен қатар дене белсенділігін де дамытуға шақырамыз! Дене белсенділігімен күн сайын айналысу керек!
Слажнева Татьяна Ивановна, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының жұқпалы емес аурулардың алдын алу бөлімінің бас маманы