2022 жылы 7 маусымда ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» (ҚДСҰО) Симуляциялық орталығында балалар арасында семіздіктің алдын алу бойынша интерактивті мектепте сабақ өтті.
Іс-шараға қатысушылар – Алматы қ. «Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназия» КММ 1-4 сынып оқушылары, мектеп жанындағы жазғы лагерьдің 6 тәрбиешісі және 60 оқушы.
ҚДСҰО мамандары «Дұрыс тамақтану негіздері: тамақтану режимі және рационы, күнделікі таңғы астың маңызы, көкөніс пен жемістің пайдасы, құрамында қант, май және тұз мөлшері көп сусындар мен тамақ өнімдерін тұтынуды шектеу» тақырыбында сабақтарды ойын түрінде өткізді.
Сабақ барысында балалар өздерінің тамақтану үлгісін көрсетті, содан кейін тамақтардың құрамын талқылады, тағам өнімдерінің негізгі топтарын порцияға бөлді.
Муляждардың көмегімен тамақ өнімдерінің негізгі топтары мен олардың сандық мөлшері көрсетілді.
Қазақстандағы балалар арасында семіздіктің таралуын зерттеу нәтижелері көрсетілді, зерттеу материалдары мен ДДСҰ деректеріне сәйкес балалардың тамақтануы және дене белсенділігі бойынша ұсынымдар берілді.
Балалардың жас және бой көрсеткіштері анықталып, ұсынымдар берілді.
Қазақстанда 2020 жылы COSI зерттеу аясында балалардың семіздігін эпидқадағалау жөніндегі деректерді жүйелі түрде жинаудың екі раунды түрінде ұлттық мониторинг құру арқылы ҚДСҰО жүргізген бастауыш сынып балалары арасында артық салмақ пен семіздікті зерттеу ұлттық және аймақтық деңгейде балалар арасында артық салмақ пен семіздік динамикасын бағалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, COSI зерттеу тамақтану әдеті, дене белсенділігі, отбасылық және мектеп ортасы сияқты мінез-құлық және орта факторлары туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Осы зерттеу барысында балалардағы жеткіліксіз тамақтану көрсеткіштері де анықталды. Бұл зерттеу ДДСҰ Еуропалық аймағы шеңберінде елдер арасындағы деректерді салыстыруға да мүмкіндік береді.
Қазақстанда 2007 жылы ДДСҰ ұсынған физикалық даму өлшемдеріне сәйкес, 6 мен 9 жас аралығындағы балалардың 20,6 пайызы артық салмақтың (семіздікті қоса алғанда), ал 6,6 пайызы семіздіктің зардабын шегетіні анықталды. Халықаралық көрсеткіштермен салыстырғанда, 2015-2017 жылдары COSI жүргізген көптеген елдердің халықаралық көрсеткіштерімен салыстырғанда, бұл деңгей айтарлықтай жоғары болды және де орташа есеппен 26,9% -ды құрады.
Қыздарға қарағанда, ұл балалар арасында артық салмақтың да, семіздіктің де таралу деңгейі айтарлықтай жоғары (ұлдардың 23,6 %-ы, ал қыздардың 17,6 %-ы семіздікті қоса алғанда, артық салмақ қосқан болса, ұлдардың 8,7 %-ы, қыздардың 4,6 %-ы семіздікке ұшыраған).
Бұл ретте қалалық жерде тұратын балалардың (23,1%) арасында артық салмақтың таралуы ауылдық жерде тұратын балаларға ( 17,5%) қарағанда біршама жоғары.
Қазақстандағы COSI 5-ші раунд нәтижелері бастауыш сынып балаларының тамақтану әдеттеріне мониторинг жүргізуге мүмкіндік берді: 2015 жылғы 50%- бен салыстырғанда, балалардың шамамен 75% -ы күн сайын таңғы ас ішеді, балалардың 37% -ы күн сайын жеміс-жидек жейді, 33% -ы күн сайын көкөніс жейді, ал 2015 жылы балалардың 33,1% -ы күн сайын жеміс-жидек, 30,2% -ы көкөніс жейтін. Балалардың 30,8%-ы аптасына 4-7 күн тамақ рационына тәтті газдалған сусынды қосады, ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 22,5 % болатын.
Қорытынды:
- Балалар арасында семіздіке қарсы күрес бойынша ауқымды жұмыстардың жүргізілгеніне қарамастан, республикада артық салмағы бар және семіздікке шалдыққан балалардың, әсіресе ұл балалардың жалпы саны артып келеді;
- Гендерлік теңсіздік бар: артық салмақ пен семіздіктің таралуы, көп жағдайда, ұлдардың арасында байқалады. Қыздар арасында бұл процесс біршама баяу;
- Қалалық балалар арасында артық салмақ, семіздік және семіздіктің ауыр түрі ауылдық жерде тұратын балаларға қарағанда кеңінен таралған, бұл урбанизациямен байланысты сияқты;
- Қазақстандық балалардың тамақ рационында жеміс-жидек пен көкөністер жетіспейді. Үш баланың бірі тәтті шырындарды жиі ішсе, балалардың төрттен бір бөлігі күнделікті таңғы ас ішпейді;
- Аналардың 40,4 %-ы бала дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы 6 ай бойы ғана емізетіндігі анықталған.
2020 жылғы COSI зерттеу жөніндегі инфографика мен есепті Жарияланым бөліміндегі мына сілтеме арқылы алуға болады: https://hls.kz/publications-ru