Нұр-Сұлтанда ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының қолдауымен Астана медицина университеті (АМУ) ұйымдастырған “Никотинге тәуелділік және темекі қоспалары, психикалық денсаулыққа әсері, қазіргі кезеңдегі клиника мен профилактика ерекшеліктері” атты конференция өтті.
Оған ДДҰ-ның Қазақстандағы техникалық сарапшысы доктор Виталий Стецик, ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева, ҚДСҰО Басқарма төрағасының міндетін атқарушы м. ғ. к. Жанар Қалмақова, “Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін” ұлттық коалициясының көшбасшысы Жамиля Садықова, АМУ Психиатрия және наркология кафедрасының меңгерушісі Алмас Құсайынов қатысты.
Конференция жыл сайын 31 мамырда атап өтілетін Дүниежүзілік темекіден бас тарту күні аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі болды.
Дүниежүзілік темекісіз күннің 2022 жылғы ұраны – “Темекі – қоршаған ортаға қауіп”. Бұл науқан темекіні өсіру, өндіру және тарату кезінде оның қоршаған ортаға тигізетін әсері туралы халықтың хабардарлығын арттыруға бағытталған.
Осыған байланысты Виталий Стекик студенттерге:
– Планетамызды сақтау үшін темекіден бас тарту керек. Әркім қоршаған ортаны сақтауға экологияны уландыратын зиянды темекі өнімдерін тұтынбай ғана өз үлесін қоса алады. Біз ұрандатып, темекінің қоршаған ортаға зиян тигізетіні туралы ақпаратты таратуымыз керек. Темекі индустриясының өз өнімдерін “көгалдандыру” әрекеттеріне сенбеңіздер.
ҚДСҰО Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жанар Колмакова өзінің алғысөзінде 2019 жылы ҚДСҰО ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығымен Ересек тұрғындарға темекі тұтыну туралы жаһандық сауалнама (GATS) жүргізгенін атап өтті.
Зерттеу көрсеткендей, Қазақстанда жалпы 15 және одан жоғары жастағы ересек халықтың 21,5% (2,8 миллион) (еркектердің 38,3% және әйелдердің 6,4%) қазіргі уақытта темекінің кез келген түрін тұтынатынын айтты.
Өз кезегінде, ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева “Дені сау ұлт” ұлттық жобасымен 2025 жылы темекі тұтынуды 19% – ға дейін төмендетуге мақсат қойылғанын атап өтті (2019 жылғы зерттеулер – 21,5%).
“Темекі индустриясының даму үрдісін ескере отырып, денсаулық сақтау министрлігі халқымыздың денсаулығын сақтау және аурулардың алдын алу бойынша белсенді жұмысты жалғастырады. 2020 жылы темекіге қарсы шараларды реттейтін “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодекс қабылданды. Темекіні тұтынудың жаңа түрлерін (IQOS, Glo, вейптер) темекіге теңестіру, шегілмейтін (насыбай, снюстер) темекінің айналымына және барлық сату орындарында темекі шығарып қоюға тыйым салу, темекінің барлық түрлерін 18 жастан 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға шектеу, қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салу және басқалар жөнінде нормалар қабылданды”, – деді Г. Сәрсенбаева.
Іс-шара аясында “Мен темекі шекпеймін” ролигі көрсетілді. Конференция жұмысына “АМУ” КЕАҚ 100-ден астам студенті қатысты.