2021 жылғы 29 қазанда ДДҰ-ның микробқа қарсы препараттарға (МҚП) төзімділікті эпидемиологиялық қадағалаудың ұлттық жүйесін нығайту жөніндегі техникалық миссиясының қорытындысы бойынша кездесу өткізілді.
ҚР ДСМ “Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы” ШЖҚ РМК Басқарма төрағасы Қанат Қырғызбайұлы Асқаров ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің атынан ДДҰ-ның Еуропалық кеңсесіне және ДДҰ-ның Қазақстандағы кеңсесіне қоғамдық денсаулық сақтау және Сovid-19 пандемиясына әрекет ету саласындағы тұрақты ынтымақтастық пен қолдау үшін алғыс білдірді.
ДДҰ-ның техникалық миссиясы шеңберінде микробқа қарсы төзімділікті (МҚТ) эпидемиологиялық қадағалаудың ұлттық жүйесін нығайту мәселесі бойынша үлкен жұмыс жүргізілгенін атап өтті, атап айтқанда:
– микробқа қарсы препараттарға төзімділікті эпидемиологиялық қадағалау;
– МҚТ-ке сектораралық үйлестіру;
– МҚТ қадағалау контексінде инфекцияның алдын алу және инфекциялық бақылау;
– микробқа қарсы препараттарды тұтыну және оларды ұтымды пайдалану.
Миссия барысында ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері Қазақстан Республикасында микробқа қарсы препараттарға төзімділікті тежеу жөніндегі іс-шаралардың жол картасын іске асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында ДДҰ техникалық миссиясының қорытындысы бойынша ДДҰ сарапшылары ҚР-дағы МҚТ үшін ұлттық үйлестіруге арналған ұсынымдар ұсынды.