Қазақстанда ауа бойынша санитарлық ережелер жобасы әзірленуде

Қазақстанда ауа бойынша санитарлық ережелер жобасы әзірленуде
2021 жылғы 28 сәуірде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің базасында “ДДҰ ұсынымдары негізінде тұрғын жайлардағы және атмосфералық ауадағы ауаны зерттеу” тақырыбында семинар өтті.
Семинар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелерінің және Ұлттық сараптама орталығының мамандарын атмосфералық ауаның және жабық үй-жайлардағы ауаның халық денсаулығына әсері туралы хабардар болуды арттыру бойынша оқыту мақсатында ұйымдастырылды.
ҚР ДСМ “Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы” ШЖҚ РМК және “Ұлттық сараптама орталығы” ШЖҚ РМК мамандары баяндама жасады.
Семинар барысында қоршаған ортаның әсеріне байланысты өңірлерде атмосфералық ауаның ластану жағдайы және өлім-жітім мен инфекциялық емес аурулардың таралуы туралы деректер ұсынылды, сондай-ақ үй-жайлардағы және одан тыс жерлердегі ауаны гигиеналық нормалау мәселелері, тұрғын үй-жайлардағы атмосфералық ауа мен ауадан сынама алудың негізгі әдістері талқыланды.
“Ауаны гигиеналық нормалау мәселелері. ДДҰ ұсынымдары ” тақырыбында коммуналдық гигиена бойынша жоғары санатты санитарлық дәрігер, ҚДСҰО инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларын мониторингілеу бөлімінің басшысы Насима Жүнісова сөз сөйледі.
Оның айтуынша, заңнамалық базаны және тұрғын және қоғамдық ғимараттардағы қоршаған ортаның жай-күйіне байланысты халық денсаулығы үшін тәуекелдерге мониторинг жүргізу және бағалау бағдарламасын жетілдіру, атмосфералық ауаны ластайтын заттардың рұқсат етілген шекті шоғырлануын өзектендіру денсаулық үшін тәуекелдерді басқару бойынша шешімдер қабылдауға және елдегі инфекциялық емес аурулардың халық арасында таралуын азайтуға ықпал етеді.
Бүгінгі күні ҚДСҰО филиалының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы “Атмосфералық ауаға, жұмыс аймағының және жабық үй-жайлардың ауасына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен гигиеналық нормативтер” санитариялық қағидаларының жобасын әзірлеуде. Филиалдың санитарлық-гигиеналық мониторинг басқармасының басшысы, м. ғ. к. Сейткәрім Тастанбаев жобаны семинар тыңдаушыларына таныстыру және талқылау үшін ұсынды. Осы жоба бойынша жұмысты ағымдағы жылдың соңына қарай аяқтау күтілуде.
Осы нормативтік құжатты қабылдаудан Қазақстанда халықтың денсаулығы мен қоршаған орта сапасының жақсаруын күтеміз.

Анықтама:
Бүгінгі таңда Қазақстанда жеке ұлттық стратегия, арнайы заңнама, оның ішінде ауа сапасы мәселелері бойынша санитарлық ережелер жоқ. Адам өмір сүру ортасының осындай маңызды бөлігін реттейтін стандарттардың болмауы қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайтудағы үлкен алшақтық болып табылады.
2020 жылғы 07 шілдеде қабылданған “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” ҚР жаңа Кодексіне 113-бап енгізілді. “Халық денсаулығы және қоршаған орта”, ол қоршаған ортаның, оның ішінде үй-жайлардың ішіндегі жағдайды бақылау жүйесін құруды және ластаушы заттардың халық денсаулығына әсер ету қаупін өзекті бағалауды дайындауды көздейді.
Кодекстің және Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының талаптарын іске асыру мақсатында “Салауатты қоршаған орта – ұлт денсаулығы” жобасын іске асыру бойынша Жол картасы әзірленді. Жол картасында тұрғын үй-жайлардағы ауа сапасы мен қоршаған ортаға зиянды заттар шығарындылары бойынша отандық стандарттарды үйлестіруді қамтамасыз ету және ДДҰ ұсынымдары негізінде аумақтық департаменттердің, ҰСО филиалдарының қызметкерлерімен тұрғын үй-жайлардағы ауаны және атмосфералық ауаны зерттеу бойынша оқыту семинарларын өткізу көзделген.