15 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина және денсаулық сақтау факультетінде ZOOM платформасында “COVID-19-ға қарсы вакциналау” тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші ғалымдары, дәрігер-эпидемиологтары қатысты.
Онлайн кездесуді аша отырып, ҚР ДСМ “Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы” ШЖҚ РМК Басқарма төрайымының орынбасары, м.ғ.к. Айнагүл Қуатбаева ҚР ДСМ ҚДСҰО және коронавируспен күрес бойынша жедел әрекет ету орталығының қызметі туралы жан-жақты айтып берді.
ҚР ДСМ ҚДСҰО “СЭСжБҒПО” филиалының жедел қызмет жөніндегі директордың орынбасары Манар Смағұл Қазақстан Республикасындағы вакциналау туралы айтып берді.
– Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналау 1 ақпаннан басталды. КВИ-ға қарсы вакциналау үшін Ресейде өндірілген Гам-Ковид-вак (“Спутник V”) вакцинасы қолданылады. Қазақстанда вакциналау ерікті болып табылады. Вакциналау вакцинаның түсуін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл ретте, бірінші кезекте, иммундауға жататын халықтың қалған топтарын одан әрі қамти отырып, коронавирустық инфекцияның жұқтыру және таралу қаупі жоғары халықтың осал топтары вакциналауға жатады. Бірінші кезеңде жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық жәрдем, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемилогиялық қызметкерлеріне екпе егілді. Ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына дейін Қазақстанда 10 миллион адамға екпе егу жоспарланған.
Өзбекстан Республикасын Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің бас иммунологы Дилором Турсунова таныстырды.
Онлайн кездесуді қорытындылай келе, қатысушылар COVID-19-ға қарсы күрестің өзекті мәселелері бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді және ортақ зерттеулерге арналған бірқатар тақырыптарды белгіледі.