2021 жылы 15-19 ақпан аралығында ДДСҰ Төтенше жағдайлар бағдарламасының Орталық Азия хабының қолдауымен ҚДСҰО мамандары Бішкек қаласында Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және ведомстволық бағынысты ұйымдарының өкілдеріне арналған оқыту курсын өткізді.
Оқыту тренингінің тақырыбы – «COVID-19 кезінде бағдарламалық қамтамасыз ету және оперативті орталықтардың жұмысы», көлемі – 60 сағат.
Естеріңізге сала кетейік, эпидемиологиялық жағдайды модельдеу және болжамдық зерттеулер жүргізуге жәрдемдесу мақсатында және Қырғызстандағы СOVID-19-ға байланысты консультациялық көмек көрсету үшін Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне өтініші бойынша ҚДСҰО мамандары оқыту курсын екінші рет өткізіп отыр.
Бұл курс Қырғыз әріптестеріне коронавирус инфекциясы кезінде оперативті орталықтардың жұмысында бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдануға көмектеседі.
Тренинг жұмысына Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, Аурулардың алдын алу және мемлекеттік эпидемиологиялық қадағалау департаментінің, Электрондық денсаулық сақтау орталығының, карантиндік және аса қауіпті инфекциялар республикалық орталығының және т.б. қызметкерлері қатысты.
Оқыту курсын ҚДСҰО директорының бірінші орынбасары Бауыржан Жүсіпов, цифрландыру және биостатистика бөлімінің мамандары Әсел Абакова, Жәнібек Ерубаев және Мағжан Бекмағамбетов жүргізді.
Әсел Абакованың айтуынша: «COVID-19 -ға қарсы күресте одан әрі шешім қабылдау үшін ақпаратты жинау, деректерді дұрыс ұсыну және визуализациялау процестерін жеделдету үшін оперативті орталықтардың жұмысында цифрландыру маңызды болып саналады».
Оқыту барысында тренингке қатысушылар COVID-19 бойынша жағдайға талдау жүргізді, эпидемиологиялық ахуалды бағалаудың жеке матрицасын әзірледі және Қырғыз Республикасы үшін облыстар бөлінісінде болжамдарды есептеді.
Оқыту тренингі аяқталғаннан кейін қатысушыларға циклден өткендігі туралы куәлік табыс етілді.