2021 жылы 19-20 қаңтарда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК (ҚДСҰО) ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросымен бірлесіп онлайн-семинар өткізді. «Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азияның жекелеген елдерінде химиялық заттарды ұтымды реттеу үшін ұлттық жүйелердің негізгі элементтерін құру» жобасының аяқталуы талқылау тақырыбы болды.
Онлайн-семинар жобаның қорытындысын шығарып, нәтижелерді ұсыну, сондай-ақ жаһандық және аймақтық саясатты есепке ала отырып, болашақ іс-қимылдардың басымдықтарын жоспарлау үшін ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, жобаның міндеттері – озық тәжірибені пайдалану, тәжірибе алмасу, заңнаманы жетілдіру және ұлттық деңгейде химиялық заттарды ұтымды басқару және реттеу мәселелері бойынша Жол картасын әзірлеу.
Орталық және Шығыс Еуропаның, Кавказдың және Орталық Азияның басқа елдерінен химиялық заттар мен денсаулық бойынша ДДСҰ жаһандық желісінің ұлттық сарапшылары мен үйлестірушілері қатысушы ретінде сөз сөйледі. Денсаулық сақтау министрлігінің вице-министрі, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қиясов Ерлан Аңсағанұлы және ДДСҰ Қоршаған орта және денсаулық сақтау жөніндегі Еуропалық орталығының басшылары Francesca Racioppi және Nannett Aust құттықтау сөз сөйледі.
«Жоба аясында жүргізілген жұмыс елімізде химиялық заттармен байланысты қандай проблемалар бар екенін және оларды шешудің қандай қолжетімді тетіктері бар екенін түсінуге айтарлықтай үлес қосты. Сонымен қатар, химиялық заттар мен қалдықтардың қауіпсіз айналымы мәселелері бойынша жұртшылықтың хабардарлығын және мүдделі тараптардың әлеуетін арттыруға және одан әрі жұмыс істеу үшін басымдықтарды белгілеуге ықпал етті»,- деп атап өтті вице-министр өз сөзінде.
Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің айтуынша, Германия үкіметінің Орталық және Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерінде, сондай-ақ Еуропалық Одақпен көршілес орналасқан басқа да елдерде қоршаған ортаны қорғауға арналған Консультациялық көмек бағдарламасы шеңберінде көрсеткен қаржылық қолдауы жобаны көрсетілген мерзімде және толық көлемде іске асыруға ықпал етті.
Семинар 3 сессиядан тұрды. 1-ші сессияда ДДСҰ өкілі Ирина Застенская және Германияның өкілі доктор Иоганн Ф.Молтман ұсынған жобаны жүзеге асырудан алынған сабақтар жөнінде айтылды.
Химиялық заттарды реттеуді сектораралық үйлестіру және ұлттық саясатпен байланыстыру тәжірибесі ретінде Ұлттық жол картасын әзірлеу керек, – деп таныстырды ҚДСҰО Жұқпалы емес аурулардың алдын алу департаментінің жұқпалы емес аурулардың қауіп факторларын мониторингілеу бөлімінің басшысы Н.А.Жүнісова.
2-ші сессияда 2020 жылдан кейінгі химиялық заттарды халықаралық реттеуге стратегиялық көзқарас мәселесі қарастырылды.
3-ші сессиядағы шағын топтарда заңнама, қауіп-қатерді бағалау, денсаулыққа әсер ету және төтенше жағдайларды басқару мәселелері қаралды.
Семинар соңында жобаның қол жеткізген жетістіктеріне сүйене отырып, жобаны іске асыру барысында алынған білім мен тәжірибені таратуға ықпал ететін химиялық заттарды ұтымды басқарудың ұлттық жүйелерін құру бойынша іс-қимылдар анықталды.
«Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азияның жекелеген елдерінде химиялық заттарды ұтымды реттеу үшін ұлттық жүйелердің негізгі элементтерін құру» атты қорытынды семинардың соңында еліміздің барлық қатысушыларына сертификат берілді.