НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп, балалар организмінде қорғасынға қатысты зерттеу жүргізбек.
Бұл туралы ҚазАқпарат Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қоршаған орта бүгінгі таңда ластанған, бұл үдеріс уақыт өткен сайын кері кетіп, денсаулыққа қауіп төндіріп отыр. Бұл жағдай әсіресе балалардың денсаулығына кері әсерін тигізіп, өнеркәсіп кәсіпорындары орналасқан аймақтарда балалардың денсаулығы қорғасынмен улануда. Зерттеу осы мәселені қамтиды.
«Біз өзіміз жүргізген сараптау жұмыстары қорғасынның балалардың денсаулығына әсеріне байланысты таңдап алынған өңірлердегі эпидемиялық жағдайды ішінара болса да білуге мүмкіндік жасайды деген үміттеміз. Біз болашақта ел көлемінде бұдан да ауқымды зерттеулер жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ал осы жолғы ілкі жоба нәтижелері алдыға қойған жоспар аясында бүгінгіден де терең зерттеулер жүргізуге ықпал ететін бірқатар іс-шараларды түзуге мүмкіндік береді деген ойдамыз»,-деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жұқпалы емес аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы Қуаныш Әлімбетов.
Зерттеу жұмыстары Алматы, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында жүргізіледі.
Дайындалған мәліметтер балалар денсаулығын қорғасынмен уланудан қорғау мен бақылаудың мықты да тұрақты жүйесін қалыптастыру бағытындағы үлкен жобаның іргетасын қалауға мүмкіндік береді. Қорғасынның ықпалын жоюға болады.
Зерттеу жұмыстары 2021 жылдың наурыз айының соңына дейін жүргізіледі.
БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) деректері бойынша, әлемде 800 миллионға дейін бала қорғасыннан зардап шегеді. Қорғасынмен улану балалардың денсаулығына ауыр залалын тигізеді. Атап айтқанда олардың миының дамуына кері әсер етіп, өзінің қарым-қабілетіне деген сенімділігі төмендейді, өзіне көңіл бөлінбейді деген күйде болады және мектепте үлгерімі төмендеп, кейінірек өзгелерге деген жеккөрушілік көзқарас қалыптасады.