2020 жылы 8-10 желтоқсан аралығында Копенгагенде «Салауатты қалалар» жобасы бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросы (бұдан әрі – ДДСҰ ЕАБ) жыл сайынғы конференцияны өткізді.
Техникалық кеңес, ДДСҰ «Салауатты қалалар» Еуропалық желісінің қорытынды есебі алғаш рет «Пандемия кезіндегі салауатты қалалар: қоғамды қорғау және қалыпты өмірге оралу» тақырыбында онлайн режимде өтті.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының атынан Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева конференция және техникалық кеңес жұмысына қатысты.
ДДСҰ «Салауатты қалалар» Еуропалық желісінің конференциясы стратегиялық сипатқа ие болып, барлық қатысушы елдердің, қалалар мен ұлттық желілердің белсенді қатысуын көздеді. Сондай-ақ конференция жұмысына саяси көшбасшылар, сарапшылар, қала мэрлері, үйлестірушілер, ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты.
ДДСҰ қамқорлығымен әрекет ететін «Салауатты қалалар» жаһандық қозғалысының мақсаты денсаулық мәселелері барлық елдердің әлеуметтік-экономикалық және саяси күн тәртібінде басым орынға ие болуына барынша жәрдемдесу болып табылады.
Іс-шара барысында өкілдер COVID-19 пандемиясы кезіндегі қоғамдық денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін, оның ішінде қалалардың бейіні, урбанистика, экология, балалардың, қарттардың, мүмкіндігі шектеулі адамдардың денсаулығын қорғау, барлық қалалардың дайындығы және жаһандық пандемияға қарсы күресте қабылданған алдын алу шаралары жөніндегі мәселелерді талқылады.
«Салауатты қалалар» жобасының ұлттық желілері – Ресей, Түркия, Ирландия, Греция, Норвегия, Ұлыбритания, Чех Республикасы, Финляндия конференция тақырыбы бойынша презентация көрсетті.
Іс-шара қорытындысы бойынша Дания, Финляндия, Ирландия, Түркия және Греция сияқты елдердің қатысуымен 2021-2022 жылдарға арналған ДДСҰ «Салауатты қалалар» Еуропалық желісі комитетінің жаңа құрамы бекітілді. ДДСҰ «Салауатты қалалар» Еуропалық желісінің үйлестірушісі Моника Косинска қорытынды есеп берді және 2021-2025 жылдарға жаңа мақсаттар қойды. Сонымен қатар қарарды бекітіп, саяси мәлімдеме жасады.