Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында балалар арасында артық салмақ пен семіздіктің алдын алу жөніндегі Ұлттық стратегия жобасын талқылау бойынша онлайн – конференция өтті.
Ұйымдастырушы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы.
Мақсат – балалар арасында артық салмақ пен семіздіктің алдын алуға бағытталған ұлттық стратегияны енгізу арқылы тамақтану жүйесін жақсарту үшін ҚР ДСДМБ нәтижесіне қол жеткізуге жәрдемдесу.
Іс – шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, ҚР ДСМ вице-министрі Ажар Ғиният, ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Вероника Ващенко, ДДСҰ-ның ИЕА алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Мәскеу офисінің тағам бойынша техникалық офицері Др. Джулианн Уиллиамс, ДДСҰ-ның Қазақстандағы Елдік офисінің басшысы Кэролайн Кларинваль және т.б. қатысты.
ҚДСҰО тарапынан: Орталық директоры Дамир Көбжасаров, директордың бірінші орынбасары Бауыржан Жүсіпов және жоспарлау, талдау және бағалау бөлімінің басшысы Наталья Ющицина болды.
Іс-шара барысында қатысушылар ұлттық стратегияның негізгі бағыттарын қолдау үшін 0 – 3 жас аралығындағы балалардың ата-аналары мен қамқоршыларына тек қана ана сүтімен қоректендіру және 6 айдан бастап қосымша тамақ беру жөнінде консультация жасау арқылы балалардағы семіздіктің алдын алу мақсатында денсаулық сақтау қызметкерлерінің әлеуетін нығайту бойынша шараларды талқылады.
Сонымен қатар, «Жүкті әйелдің тамақтануы», «Тек қана емізу» және «Қосымша тамақ беру» бейнероликтері көрсетілді.
ҚР ДСМ ҚДСҰО директоры Дамир Көбжасаровтың айтуынша, халықаралық және ұлттық серіктестермен бірлесіп, балаларды тамақтандыру мониторингінің көрсеткіштерін эпидбақылауды жақсарту, жүкті әйелдер мен ерте жастағы балаларды тамақтандыру бойынша оқу модульдерін енгізу жөніндегі ұсыныстар, 6 айдан бастап сәбилерге қосымша тамақ дайындау жөнінде ата-аналарға арналған практикалық ұсынымдардың рецептуралық кітабының жобасы және т.б. әзірленді.
«ДДСҰ мен ЮНИСЕФ-тің қолдауымен біз еліміз үшін өте маңызды COSI және WASH зерттеуін жүргіземіз. Балалар арасындағы семіздікке қарсы күрес халықтың денсаулығына және жалпы қоғамға үлкен басымдық береді. Сондықтан балалар арасындағы артық салмақты азайтуға бағытталған күш-жігер үшін реттеуші және заңнамалық тәсілдерді қолдау маңызды», – деді Д.Көбжасаров.
Естеріңізге сала кетейік, «Дүние жүзіндегі балалардың жағдайы, 2019 жыл: балалар, азық-түлік және тамақтану» баяндамасында 5 жасқа дейінгі әрбір үшінші бала – әлемдегі 200 миллион адам – не тойып тамақ жемейтіндігі, не артық салмақтың болатындығы айтылған.