ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сарапшылары «Нұр Отан» ХДП, Балаларды қорғау жөніндегі кеңес ұйымдастырған онлайн-кеңеске қатысты. Бұл шарада балалар арасында суицидтің алдын алу, психологтардың жұмысы, жалпы Қазақстан Республикасында психология қызметінің жұмысына қатысты мәселелер сөз болды. Психологтарға қойылатын біліктілік талаптары, еңбекақы төлеу және мектептер мен медициналық ұйымдардағы жұмыстарды ұйымдастыру жөнінде бірқатар маңызды мәселелер айқындалды.
– Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы өз қызметі аясында халықаралық ұйымдармен, ЖАО, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен, ұлттық және республикалық орталықтармен тығыз ынтымақтастық жасайды, – дейді ҚДСҰО қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева, – Білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында (ДСДМБ) бірқатар кешенді іс-шаралар қарастырылған. Қазақстанда жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін суицидтің алдын алу бағдарламасы іске асырылатын болады. Жалпы әлеуметтік-психологиялық қызмет нығая түседі. Мектеп психологтарының біліктілігін арттырады. Балалар арасында болатын суицидтің алдын алу үшін мемлекет бұл мәселеге жан-жақты, жүйелі түрде қарау керек деп есептеймін. Балалардың бос уақытын дұрыс өткізуді ұйымдастыру, мектептердегі психологиялық-әлеуметтік жұмысты күшейту, мектеп психологтары мен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеру, суицидке қарсы іс-қимылдың бірыңғай бағдарламасын енгізу, барлық жауапты министрліктердің, сондай-ақ олардың бөлімшелерінің іс-қимылын үйлестіру қажет.