6 шілде күні Қазақстан астанасына арнайы рейспен Ресей денсаулық сақтау министрлігінің және Роспотребнадзордың дәрігерлері келген болатын. Көрші ел мамандары мемлекет аумағында коронавирустың өршуіне қарсы күресте қазақстандық әріптестеріне практикалық және консультациялық көмек көрсететін болады. Бүгін Ресей делегациясы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жанындағы ТЖ жөніндегі Оперативті орталығы жұмысымен танысты.
Кездесуге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері де қатысты. Төтенше жағдай жөніндегі Оперативті орталықта Санкт-Петербург қаласы бойынша Роспотребнадзор басқармасының Орталық аумақтық бөлімі бастығының орынбасары Дмитрий Федоров, «Микроб» Ресей обаға қарсы ғылыми-зерттеу институты» ФҚМ жетекші ғылыми қызметкері Ирина Шарова және Тула облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адам денсаулығы саласындағы қадағалау жөніндегі Федералдық қызмет басқармасы басшысының орынбасары Залимхан Омариев Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдаймен және коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы әрекет ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты.
– Орталық жағдайды мониторингілеу, сырқаттанғандарды анықтау және есепке алу үшін жаңа технологияларды пайдаланады, – деп атап өтті ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының директоры Дамир Көбжасаров.– Ел азаматтарының коронавирус жөніндегі сұраққа жауап алу рәсімін жеңілдету мақсатында біз Telegram-ботты іске қостық. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша ҚР ДСМ ҚДСҰО Оперативті штабы құрылды. Мұндай жедел шаралар бізге COVID-19 өршуіне байланысты қатерлердің алын алу жолында нақты әрі жылдам әрекет жасауға мүмкіндік береді.
Ресейлік мамандар сондай-ақ деректерді жүктеу және толтыру ерекшеліктеріне, мемлекеттік органдарға есептілікті қалыптастыру үшін енгізілген деректермен жұмысты автоматтандыру мәселелеріне қызығушылық танытты.