Маусым айының соңында COVID-19 алдын алу және бақылау бойынша негізгі хабарламалар мен іс-қимыл жөнінде онлайн-семинарлар басталды.
Оқыту мақсаты – мектепке дейінгі мекемелердің, балабақшалардың басшылығы мен медицина персоналын карантин кезінде және карантиннен кейінгі кезеңде жұмыстарды қайта бастаған кезде ескеру қажет коронавирусты жұқтырудан және таралудан балаларды қорғаудың практикалық шараларымен таныстыру. ЮНИСЕФ – БҰҰ Балалар қоры, ҚР БҒМ «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы ұйымдастырып отыр.
Жаттықтырушы – сарапшылар арасында ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК (ҚДСҰО) «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының басқарма басшысы Айнагүл Қуатбаева және ҚДСҰО ғылым және кәсіби даму бөлімінің бас маманы Шынар Абдрахманова бар.
– Онлайн-семинарлар 3 шілдеге дейін өтеді. 30 маусымда семинарға еліміздің 8 аймағынан 484-тен астам қатысушы, ал 1 шілдеде 500-ден астам қатысушы қатысты, – дейді ҚДСҰО ғылым және кәсіби даму бөлімінің бас маманы Шынар Абдрахманова. – Бұлар – білім басқармаларының өкілдері, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының әкімшілігі, медицина қызметкерлері және тәрбиешілері. Вебинарға қатысушылар елдегі эпидемиологиялық жағдаймен, санитарлық және эпидемиологиялық бақылау бойынша нормативтік талаптармен танысты. ЮНИСЕФ-тің мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын қалпына келтіру жөніндегі негізгі ұсынымдары, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмыс алгоритмі, карантин кезінде және карантиннен кейінгі кезеңдегі мектепке дейінгі ұйымдардағы медицина персоналының рөлі айтылды. Сондай-ақ карантин кезінде және карантиннен кейінгі кезеңде балалардың тамақтануы жөнінде негізгі ұсынымдар айтылды. Қатысушыларға жұмыста пайдалану үшін ақпараттық ресурстар мен материалдар ұсынылды.