6 сәуірде Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы базасында Тель-Авив университеті өкілдерінің қатысуымен, коронавирустық инфекцияға қарсы күрес бойынша веб-конференция өтті. Израиль тарапынан Петах-Тиквадағы “Бейлинсон” ауруханасының Анестезиология бөлімшесінің басшысы, Тель-Авив университетінің медицина факультетінің профессоры Леонид Эйндельман сөз сөйледі. Сондай-ақ коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсететін осы аурухананың ішкі аурулар бөлімшесінің басшысы д-р Е.Берков қатысты.
Іс-шараға Қазақстан тарапынан Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Сержан Айдосов, Инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаментінің директоры Арыстан Молдажанов, сондай-ақ Қазақстанның медицина университеттерінің, өңірлік Денсаулық сақтау басқармаларының және медициналық мекемелердің өкілдері қатысты. Коронавирустық инфекция кезінде олардың диагностикалау, емдеу, қарқынды терапия тәжірибесі туралы бірқатар өзекті сұрақтарға жауаптар алынды.
Іс-шараға 278 адам – еліміздің барлық өңірлерінен тәжірибеленуші реаниматолог дәрігерлер, инфекционистер қатысты. Конференция соңында жаһандық пандемия – COVID – 19-ға қарсы күрес кезеңдерінде бұдан әрі тәжірибе алмасу мақсатында осындай онлайн-кездесулер өткізуді жалғастыру қажеттігі атап өтілді.