2 сәуірде ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығында Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның төрағалық етуімен, «COVID-19 жаңа коронавирустық инфекциясының клиникасы, диагностикасы, емдеу және алдын алу» тақырыбында клиникалық хаттаманы егжей-тегжейлі зерделейтін оперативті штабтың кезектен тыс отырысы өтті. Хаттаманы 01.04.2020ж. Сапа жөніндегі бірлескен комиссия (СБК) қабылдады.
Жаңа коронавирустық инфекцияны диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасы (Хаттама) жедел шұғыл жәрдем дәрігерлері мен фельдшерлеріне, жалпы практика дәрігерлеріне, терапевтерге, педиатрларға, инфекционистерге, балалар инфекционистеріне, гастроэнтерологтарға, пульмонологтарға, фтизиопульмонологтарға, оториноларингологтарға, анестезиолог-реаниматологтарға, акушер-гинекологтарға, сәулелік диагностика мамандарына арналған. «Астана медицина университеті» КеАҚ балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешева Хаттаманы әріптестеріне таныстырды, сондай-ақ бейне-конференцияға ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Сержан Айдосов, Хаттаманы әзірлеуге қатысқан «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Бақыт Көшерова және барлық республика бойынша 550-ге жуық дәрігер қосылды.
Хаттамаға сәйкес коронавирустық инфекция (COVID-19) – SARS CoV-2 коронавирусы тектес вирустың жаңа штамы тудыратын жіті жұқпалы ауру, аэрозольды-тамшы және контактілі-тұрмыстық арқылы жұғады, өкпе тініне енеді де, симптомсыз вирус тасымалдаушылықтан интоксикациямен, жоғарғы және төменгі тыныс алу жолдарының қабыну процесімен сипатталатын аурудың клиникалық айқын түріне дейін өтіп, ауыр жіті респираторлық дистресс-синдром және сепсис ауруларының даму қаупі бар пневмонияға шейін асқынады. Дене қызуы, жөтел, тыныс алудың қиындауы, ентігу COVID-19-ға күдік келтіретін белгілер болып табылады. Бұл ауруды мынадай параметрлер бойынша жіктейді: клиникалық көріністерсіз, яғни симптомсыз вирус тасымалдаушылық (шағымдардың болмауы, клиникалық симптомдардың білінбеуі және ПТР РНҚ SARS CoV-2 оң нәтижесінде объективті өзгерістердің болмауы), клиникалық көріністермен – жоғарғы тыныс алу жолдары (ринит, фарингит) және төменгі тыныс алу жолдары (пневмония) зақымданатын коронавирустық инфекция, ауырлық дәрежесі жағынан ауру жеңіл, орташа немесе ауыр түрде өтеді, сепсис немесе септикалық шок түрінде асқынуға дейін барады.