2 сәуірде ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығында Қазақстан Республикасының Израильдегі елшілігінің қолдауымен, Израильдегі “Рамбам” медициналық орталығының мамандарымен онлайн – конференция ұйымдастырылды.
Қазақстан тарапынан онлайн-конференцияға: ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Сержан Айдосов,С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің зерттеу жұмысы жөніндегі проректоры Бауржан Жүсіпов, “Астана медицина университеті” АҚ балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі Динара Баешева, Санитариялық – эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының Инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу басқармасының басшысы Манар Смағұл, т. б. қатысты.
Израиль тарапынан: “Рамбам” медициналық орталығы директорының орынбасары доктор Ави Вайсман, медициналық күтім жөніндегі директоры (Director of nursing) доктор Джила Хиамс, эпидемиолог, “Рамбам” медициналық орталығының COVID 2019-ға қарсы күрес департаментінің жұқпалы аурулар бөлімшесінің бастығы доктор Хитам Хусейн және “COMET” Медициналық зерттеу орталығының атқарушы директоры Адель Сигал ханым сөз сөйледі.
Израильдегі “Рамбам” медициналық орталығы – Израильдің солтүстік аймағындағы ең ірі көп салалы емдеу-диагностикалық орталық. “Рамбам” Израильдің “Технион” жетекші медициналық-технологиялық университетінің клиникалық және академиялық базасы болып табылады, бұл университеттің медицина факультетінде Нобель сыйлығының үш лауреаты жұмыс істейді. Бұлар – профессор Арон Чехановер, Авраам Гершко және Ирвин Роуз.
Рамбам медициналық орталығы бірқатар онкологиялық, хирургиялық, ортопедиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуде Израильдегі көшбасшы медициналық орталық болып саналады.
Айта кету керек, Израильде диагнозды тек ПТР арқылы анықтайды. ПТР (PCR) тестілері– бұл полимеразды тізбекті реакция. Сондай-ақ, ауруды болдырмау үшін науқастарды оқшаулау жүзеге асырылады.Сонымен қатар, созылмалы аурулары бар пациенттерге консультация жасап, амбулаториялық науқастарды бақылауды қашықтықтан (скайп сервис) жүргізу. Осылайша ауруханаларға келушілердің санын шектеу жүзеге асырылады.