2020 жылдың 1 сәуірінде Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы базасында профессор Леонид Эйдельманмен онлайн кеңес өтті.
Профессор Эйдельман қарқынды терапия және анестезиология саласында маманданып, Петах-Тиквадағы “Бейлинсон” ауруханасының Анестезиология бөлімшесін басқарады, сондай-ақ Тель-Авив университетінің медицина факультетінде сабақ береді. Ол Израиль медициналық қауымдастығының және Американдық анестезиологтар қоғамының құрамына кірген. Профессор Эйдельман 2018 жылы Бүкіләлемдік Медициналық қауымдастықты (WMA) басқарды.
Қазақстан тарапынан онлайн кеңеске ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Сержан Айдосов, “Астана медицина университеті” АҚ балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешева, ҚР медицина ЖОО өкілдері, сондай-ақ аймақтардағы клиницистер қатысты.
Кездесу барысында коронавирустың алдын алу және профилактикасына қатысты мәселелер, ауруханадан шығару кезіндегі көрсетілімдер және ауруханадан шығарғаннан кейін стационарда қалу қажеттілігі талқыланды. Сонымен қатар қарт адамдарды қорғау және алдын алу шаралары, карантин және эпидемия ошақтарын оқшаулау, КВИ емдеу әдістері бойынша мәселелер қозғалды.
Қазақстан Республикасының Израильдегі елшісі Сатыбалды Буршаковқа осы кездесудің өтуіне көмектескені үшін, ұйымдастырып, қатысқаны үшін ерекше алғыс білдіреміз.