24 наурызда ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығында (ҚДСҰО) медицина ғылымдарының докторы, Жапонияның Жаһандық денсаулық сақтау және медицина ұлттық орталығының Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының директоры Норио Оомагари мырзамен бейне-конференцбайланыс өтті. Жаһандық денсаулық сақтау және медицина ұлттық орталығы Жапониядағы халықаралық денсаулық сақтау және медициналық ынтымақтастық саласындағы негізгі ұйым болып табылады, ол жаһандық денсаулық сақтауды және медициналық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған зерттеулер мен басқа да бірқатар іс-шаралар жүргізеді.
43 клиникалық бөлімшеден және бірнеше орталықтардан тұратын Жаһандық денсаулық сақтау және медицина ұлттық орталығының Орталық ауруханасы инфекциялық аурулармен, диабет, метаболикалық аурулар және көптеген басқа да аурулар сияқты созылмалы аурулармен ауыратын пациенттерге жоғары технологиялық, кешенді медициналық қызметтердің кең спектрін ұсынады. Қазіргі уақытта мамандандырылған медицина персоналы осы арнайы бөлімшелердегі COVID -19-бен ауыратын пациенттерге медициналық көмек көрсетеді және ем жүргізеді.
Келіссөздің мақсаты COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күресуде Жапонияның тәжірибесімен алмасу, атап айтқанда инфекцияны емдеудің клиникалық аспектілері болып табылады.
Қазақстан тарапынан кездесу ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның басшылығымен, ҚР ДСМ Стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаментінің еуразиялық интеграция мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Ботагөз Смағұлова, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Сержан Айдосов, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы (СЭСжМҒПО) ҚДСҰО филиалының инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу басқармасының басшысы Манар Смағұл, “Астана Медицина Университеті” балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Динара Баешева және т. б. қатысуымен өтті.
Сондай – ақ келіссөзге ҚР штаттан тыс жетекші анестезиолог – реаниматолог Тимур Қапышев және Қазақстанның пульмонологтары қосылды.
Бүгінгі таңда Жапонияда 1100-ден астам коронавирусты жұқтыру оқиғасы, 42 өлім-жітім тіркелді және 280-ден астам адам емделді. Жапонияда тестілеу әдісі полимеразды тізбекті реакцияны (ПТР) қолдануға негізделген, емдеуге жатқызу тек жұқтырғандардың 20% көлемінде ғана жүзеге асырылады, қалғандары үй карантиніне ауыстырылады.
Сондай-ақ, кездесу барысында Қазақстандағы бұрқасын жою аясында Жапония Денсаулық сақтау министрлігімен ынтымақтастық мүмкіндігі мәселесі қаралды.