Бүгін, 26 ақпанда ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының (ҚДСҰО) офисінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) балалар семіздігін эпидемиологиялық қадағалау (COSI) және мектептердегі суға, санитарияға және гигиенаға қолжетімділікті базалық бағалау (WASH) жөніндегі Еуропалық бастамасын іске асыру жоспарын талқылау бойынша техникалық кеңес өтті. Кеңеске ҚДСҰО басшылығынан басқа “Қарағанды медицина университеті” КЕАҚ Қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіби даму институтының проректоры/директоры Камшат Түсіпова, Денсаулық сақтау және тамақтану мәселелері жөніндегі үйлестіруші, БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қорының Қазақстан Республикасындағы өкілі Қанат Суханбердиев қатысты.
Балалар арасында семіздіктің таралу ауқымын бағалау үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі 2015/2016 оқу жылында ДДСҰ-ның 30 елімен қатар балалар семіздігін эпидемиологиялық қадағалаудың төртінші раундына (COSI) қатысу туралы шешім қабылдаған болатын. Іс – шара барысында 8 және 9 жастағы қазақстандық балалардың шамамен 20% -ында артық салмақ, ал 6% – ы семіздіктен зардап шегетіні анықталды.
Қазіргі уақытта салауатты мектеп ортасын нығайту және дұрыс тамақтануға жәрдемдесу мақсатында, инфекциялық емес аурулардың алдын алу, сондай-ақ ДДСҰ “Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер” жобасын енгізу арқылы 2018-2021 жылдарға арналған қоғамдық денсаулықты басқару жөніндегі шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде ҚР ДСМ 8-9 жастағы балалар арасында семіздіктің таралуын зерттеуді жалғастыруды жоспарлап отыр.
Зерттеудің ДДСҰ ұсынған әдістемелік тәсілдер мен технологияларға негізделгендігін атап өту керек. Облыстардан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан барлығы 160-қа жуық мектепті сауалнамамен қамту жоспарланып отыр. Сауалнаманы балалармен жұмыс істеуге үйретілген интервьюерлер жүргізеді. Сауалнама бойынша жұмыстарды жүргізу, іріктелген сыныптардың ата-аналары мен оқушыларын сауалнама әдістемесі туралы хабардар ету жергілікті атқарушы органдармен және мектеп әкімшілігімен келісілетін болады (ата-аналар үшін жазбаша ақпараттандырылған келісім және оқушының сауалнамаға қатысудан бас тарту құқығы).
Зерттеуде үш түрлі сауалнама қолданылады: бала сауалнамасы, мектеп әкімшілігіне арналған сауалнама және ата-аналарға арналған сауалнама. Барлық деректердің құпиялылығы мен жасырын болуына кепілдік беріледі. Сауалнамаларға одан әрі зерттеу нәтижелері үшін пайдаланылатын код беріледі. Зерттеу нәтижелері келешекте балалар арасында инфекциялық емес аурулардың алдын алу және олардың денсаулығын нығайту мәселелері бойынша стратегиялық шешімдер қабылдауға ықпал ететін болады