Бүгін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы базасында «Химиялық заттарды басқару: жіктеу және таңбалау, денсаулыққа және қоршаған ортаға тигізетін қауіп-қатерді бағалау» тақырыбында 3 күндік оқыту семинары басталды. Семинарға өнеркәсіп кәсіпорындарының, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, зертханалық қызметтердің және жоғары оқу орындарының өкілдері қатысады.
Семинарды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ИЕА қауіп факторларын мониторингілеу бөлімінің басшысы Насима Жүнісова ашты. Ол бүгінде химиялық заттар өндірісінің ауқымды көлемі адам үшін үлкен қауіп төндіріп отырғандығын атап өтті. Химиялық заттарды өндіру және сату дәйекті түрде өсуде: 2000 жылдан бастап 2018 жылға дейін өндіріс көлемі 2 есе өсті және өндірістің одан әрі өсуі күтілуде.
Химиялық заттардың канцерогендік, мутагендік әсерлері болады, репродуктивтік, жүйке, жүрек-қан тамыры және эндокриндік жүйелер үшін уытты болып келеді. Денеге немесе топыраққа түскен олар кішкентай мөлшерде болса да, онда жиналып, зиян келтіре алады.