Алматы қаласындағы «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті «Сектораралық өзара іс-қимыл жасау, денсаулық сақтау құқықтарын қамтамасыз етудің және медициналық қызметтегі қауіптерді еңсерудің тиімді тетігі ретінде» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік билік институттарының, қоғамдық ұйымдардың, пациенттер қауымдастықтарының және БАҚ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық денсаулықпен байланысты, оның ақпараттық, этикалық, құқықтық аспектілері бойынша қоғамдық сұхбат жүргізу үшін тәуелсіз алаң құру.
Сонымен қатар, дөңгелек үстелдің жұмысына медициналық қоғам өкілдері де қатысты: «Республикалық Медициналық Палата» ҚБ басқарма төрағасы Мақсұт Құлжанов, «Алматы клиникалары қауымдастығы» ЖКжЗТБ атқарушы директоры Расул Дүйсенов, Алматы қаласындағы медициналық ұйымдардың басшылары, сот органдарының өкілдері, адвокаттар, заңгерлер және журналистер.
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Руслан Сатывалдеев айтып өткендей, Қазақстанның әлеуметтік желілері мен бұқаралық ақпарат құралдарында дәрігерлердің және жалпы денсаулық сақтау жүйесінің жауапкершілік шаралары туралы пікірталас жүріп жатыр, бұл медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметінде сенімділікті талап етеді, атап айтқанда, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі мен құқықтық өрісін белгілеуді қажет етеді.
«Кез-келген медициналық араласу науқас үшін қауіп-қатерімен байланысты. Медицинадағы тәуекел ұғымына жыл сайын көбірек назар аударылуда. Бұл хирургиялық тәжірибеде айқын көрінеді. Медицина қызметкерлері қоғам үшін үлкен қауіп төндірмейді, керісінше адамның өмірі мен денсаулығы, адам игілігі үшін қызмет етеді. Мұндай қауіпті әрекеттердің заңдылығы мен негізділігі көбінесе медициналық көмек көрсетудің қолайсыз нәтижесі пайда болғанда туындап жатады», – деді Р.Сатывалдеев.
Жұмыс барысында дөңгелек үстелге қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру (декриминализациялау) және дәрігерлердің кәсіби қызметін қорғаудың құралдарын енгізу туралы: «Денсаулық сақтау саласындағы қылмыстарды ізгілендірудің кейбір мәселелері», «Денсаулық туралы жаңа кодекс жобасында және Жаңа бағдарламада медицина қызметкерлерінің мәртебесін жақсартудағы өзгерістер», «Дәрігерлердің кәсіби құқығын қорғау кезіндегі қиындықтар, мәселелер мен шешімдер» туралы баяндамаларын талқылады.
Сондай-ақ, медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру, денсаулық сақтау саласындағы қақтығыстарды шешудің негізгі факторы ретінде заң, психология мен медиацияның өзара әрекеттесуі, қоғамдық денсаулық сақтау және медицина тақырыбын қозғайтын журналистер қауымдастығын құру мәселелері талқыланды.