Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығында Әзірбайжан Қоғамдық денсаулық сақтау және реформалар орталығының директоры Гахраман Хаквердиевпен және Орталықтың денсаулық сақтау саясаты бөлімінің басшысы Набил Сейідовпен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында нан-тоқаш өнімдеріндегі тұзды және құрамында қанты бар алкогольсіз сусындардағы қант мөлшерін азайту жөніндегі іс-шараларды іске асыру бойынша бірлесіп жұмыс жасау және тәжірибе алмасу, «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» және «Саламатты университеттер» жобалары шеңберінде консультация беру, жастар денсаулық орталықтарының қызметі мен қоғамдық денсаулық сақтау саласында ұлттық зерттеулер жүргізу мәселелері талқыланды.
Ағымдағы жылғы мамыр айында Қазақстан мен Әзірбайжан орталықтары арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын айта кету керек.
Өзара іс-қимыл жасаудың негізгі бағыттарының бірі – 2018 жылғы шілдеде құрылған Орталық Азия және Кавказ елдерінде (Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) тамақтану саласындағы әлеует пен серіктестікті арттыру жөніндегі Аймақтық Платформасы болып табылады. Платформа Орталық Азия және Кавказдың 8 еліндегі тамақтану саласындағы басқару және азық-түлік жүйелерінің әлеуетін дамыту бойынша өңірлік серіктестікке бағытталған. Платформаның өңірлік хатшылығын бірінші болып Қазақстан басқарды. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Хатшылықтың жұмыс органы болды.
2019 жылғы сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласында балалар мен жасөспірімдердің көзқарасымен, БҰҰ жүйесі агенттіктері: БҰҰ Балалар қоры (UNICEF), Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP), БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO), сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (WHO) қатысуымен Орталық Азия және Кавказ елдерінде дұрыс тамақтанбаудың екі еселік ауыртпалығын алдын алу мақсатында тұрақты азық-түлік және тамақтану жүйелерін басқару жөніндегі өңірлік симпозиумы өткізілгенін естеріңізге саламыз. Қатысушы елдерден парламенттің, қаржы, ауыл шаруашылығы және азық-түлік, денсаулық сақтау және білім министрліктерінің делегаттары қатысты.