Бұл туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаменті директорының орынбасары Зәуре Ахметова Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісінде мәлімдеді.
«Дүниежүзілік денсаулық күнінің міндеттері: адамдарды спортпен айналысып, белсенді өмір ұстануға ынталандыру; жастарды өз денсаулығына мұқият қарауға тәрбиелеу; зиянды әдеттерден аулақ болу; аурулардың алдын алу маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу және балалардың денсаулығына үнемі бақылау жасау», – деп айтып өтті ол.
Зәуре Ахметованың айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық күнін атап өту дәстүрі барлық денсаулық сақтау жүйесінің қызметімен, қауіпті аурулардың алдын алумен тығыз байланысты. Қант диабеті, қатерлі ісік және жүрек аурулары сияқты инфекциялық емес аурулар дүние жүзіндегі барлық өлім-жітімнің 70% – дан астамының себебі болып отыр. Бұл сан 30 жастан 69 жасқа дейінгі адамдардың мезгілсіз өлімінің 15 миллионын қамтиды. Мұндай аурулардың таралуының өсуі – темекі тарту, дене белсенділігінің жеткіліксіздігі, алкоголь ішу, дұрыс тамақтанбау сияқты мінез-құлықтық қауіп-қатер факторларынан туындайды.
Соңғы 10 жыл ішінде қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 6 жылға ұлғайды, жалпы өлім-жітім көрсеткіші 20%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім – 2,5 есеге, қатерлі ісіктерден болатын өлім – 28%-ға төмендеді. Қазақстандықтардың жалпы өміршеңдігі 72,9 жасты құрайды. Бұл ретте, ДДСҰ бағалауының нәтижелеріне сәйкес, халықтың денсаулығына тікелей ісер ететін мінез-құлықтық қауіпті факторлардың таралуы байқалады. Сонымен, халықтың 22,4%-ы шылымқор болып табылады, адам жылына 7,7 литр таза алкогольді тұтынады, біздің халық бір адамға тәулігіне 16,6 грамм тұз мөлшерін пайдалану бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму елдерінің арасында көшбасшы болып келеді (жылына бір адамға 6 кг).
Мектеп жасындағы балалар құрамында қанты бар салқын сусындарды көп тұтынады, олардың 49,7%-ы оларды күн сайын ішеді. Үшеуінің біреуі ғана күнделікті балғын жеміс-жидектер (33,3%) мен көкөністерді (30,2%) жейді. Осыған байланысты, балаларда салауатты өмір салты машықтарын қалыптастыру, дене белсенділігі мен дұрыс тамақтану дағдыларын тәрбиелеу мәселелеріне басым назар аударылуы керек. Балалардың денсаулығын қорғау мақсатында, 2018 жылдан бастап еліміздің мектептерінде Дұрыс тамақтану үлесі бойынша стандарттар енгізілуде.
Денсаулық сақтау министрлігі өлім және мүгедектіктің негізгі себептері болып табылатын ауруларды ерте анықтау мақсатында Ұлттық скринингтік бағдарламаны іске асыруда. Оны жетілдіру аясында, жас топтары 70 жасқа дейін кеңейтілді, скринингтік тексерулердің еселігі артты, халықтың мақсатты топтарының 70-тен 90%-ға дейін қамтылуы ұлғайды.
Зәуре Ахметова Дүниежүзілік денсаулық күні аясында, еліміздің медициналық ұйымдарында 3 сәуірден бастап 11 сәуір аралығында Ашық есік күндері өткізілетінін хабарлады. «Әр адам өз денсаулығының жай-күйін біліп қана қоймай, арнайы мамандардан консультациялық-диагностикалық және тәжірибелік көмек ала алады. Түрлі флешмобтар, жаттығулар, веложарыстар және басқа да шаралар ұйымдастырылатын болады. Еліміздегі жалпы білім беретін мектептерде Денсаулық елшілерінің, белгілі спортшылардың және әншілердің қатысуымен жаппай жаттығулар өткізіледі», – деді ол.
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директоры орынбасарының м.а., Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығы басшысының м.а. Зарина Керуенова «Салауатты қалалар, өңірлер» ДДҰ жобалары, «Денсаулықты нығайтуға ықпалдасатын мектептер», «Салауатты университеттер» және «Салауатты жұмыс орындары» қосалқы жобалары іске асырылатыны, сондай-ақ балаларға, олардың ата-аналарына, жасөспірімдерге, жастарға және ересектерге басым назар аудара отырып, аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бойынша 29 Ұлттық бағдарлама енгізіліп, іске асырылып жатқаны жөнінде айтып кетті.
Қазақстандағы ДДҰ өкілі Олег Честнов, 2019 жылғы Дүниежүзілік денсаулық күнінде жеке адамдардың денсаулық мүдделерін ғана емес, жалпы қоғам мен ел экономикасының мүддесінде денсаулық сақтау қызметтеріне әділетті қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығы туралы ақпаратты тарату үшін көптеген мүмкіндік берілгенін атап өтті.
ҚР алғашқы Денсаулық елшісі, Гиннес рекордтар кітабының 7 дүркін рекордсмені, әлемнің ірі шөлдалаларын шарлап өткен жалғыз адам Марат Жыланбаев былай деді: Мен, Қазақстанның алғашқы Денсаулық елшілерінің бірі болғаныма өте қуаныштымын. Біздің алдымызда, халықтың дене белсенділігін арттыру және қоғамда салауатты мәдениетті қалыптастыру бойынша үлкен міндеттер мен идеялар тұр. Өзіміздің негізгі қызметіміздің аясында, біз Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына белсенді өмір салтын насихаттауға, азаматтардың өз денсаулығына деген қызығушылығын арттыруға мейлінше ықпалдасып жәрдемдесеміз.
Ол қатысушыларды 5 сәуір күні, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, қала әкімдігі, ЮНИСЕФ және №83 мектеп-гимназиясы өкілдерінің қатысуымен Триатлон саябағында өткізілетін жаппай жаттығу жасауға шақырды.