Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, республикада халықтың мерзімінен бұрын қайтыс болуы мен мүгедек болып қалуының негізгі себебі болып табылатын жұқпалы емес аурулардың ауыртпалығы Қазақстанда әлі де жоғары болып қалуда.
Тұзды мөлшерінен тыс пайдалану жүрек-қантамыр аурулары, қан қысымы, инсульт, инфаркт, семіздік, ІІ типттік қант диабетінің дамуы және онкологиялық аурулардың кейбір түрлері сияқты жұқпалы емес созылмалы аурулардың пайда болуына (бұдан әрі – ЖЕА) әкеледі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жүргізген соңғы зерттеу нәтижелері бойынша, Қазақстанда тұзды пайдалану деңгейі әлем бойынша жоғары мөлшерлемелердің бірін құрайды және ДДСҰ ұсынған 5 грамм нормасындағы тәуліктік дозадан 4 есеге дейін асып түсіп, тәулігіне 17 граммды құрайды.
Экономикалық модельдеу деректері бойынша, тұзды пайдалануды азайту бойынша жүргізілетін іс-шаралар ауқымы Қазақстанда ЖЕА алдын алудың айтарлықтай тиімді шарасы болар еді. Тұзды пайдалануды азайту қан қысымын және ЖЕА байланысты қауіптерді төмендетуге мүмкіндік береді. ДДҰ ұсыныстарына сәйкес, тамақтағы тұз мөлшерін азайтуды көп пайдаланылатын нан өнімдерінен бастаған жөн.
Денсаулық сақтау министрлігі мен «Атамекен» ҮЕК екіжақты ынтымақтастық шеңберінде, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының, азық-түлік өнеркәсібі қауымдастығы, ірі және кіші бизнес («Столичный Хлеб», «Цесна», «Ассорти-Нан», «Дара Нан», «Пищеторг», «Татым» ЖШС, «Иващенко», «Магнум» ЖК және т.б.), ЖОО өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді, ол жерде нан-тоқаш өнімдеріндегі тұз мөлшерін азайту және біздің елімізде енгізу мүмкіндіктері бойынша әлемдегі озық тәжірибелер қарастырылды.
Іс-шара барысында жиынға қатысушылар нандағы тұзды азайту қажеттілігі жөнінде бірыңғай шешімге келді.
Бизнес өкілдерінің тұжырымдауынша, тұзды 3 граммға дейін азайту нанның дәмдік сапасына әсер етпейді және өндірушілер үшін материалдық шығыстарға әкелмейді.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің өкілдері нан-тоқаш өнімдерінің рецептурасын өзгерту бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын әзірлеу тақырыбында баяндама жасады. Олар рецептураға пайдалы дәрумендер мен минералды заттар қосылған нан цехы өнімдерінің дәмін татқызды.
ҚР ДСМ, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, орта және кіші бизнес өкілдерімен, ЖОО және ғылыми орталықтармен нан өнімдеріндегі тұзды азайту мәселесін нақты пысықтау үшін жұмыс тобын құру бойынша ұсыныстар енгізілді.
Дұрыс тамақтану, халықтың отандық өнімдерге, оның ішінде тұз мөлшері аз азық-түліктерге деген сенімін жоғарылату мақсатында тұтынушылар үшін кең ауқымды ақпараттық науқан жүргізу жөнінде бірқатар ұсыныстар жасалды.