Бүгін Алматыда ЖИТС, Безгек және туберкулезге қарсы күрес жөніндегі ғаламдық қор, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы, Қазақ Дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығы өкілдерінің қатысуымен “Туберкулезге қарсы күреске өз үлесіңді қосар уақыт келді” атты республикалық семинар өтті.
Іс-шараға қоғамдық денсаулық сақтау департаменттерінің және облыстық денсаулық сақтау басқармаларының туберкулез мәселелерін қадағалайтын мамандары, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шақырылды.
ҚДСҰО Инфекциялық аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекенов жыл сайын 24 наурызда Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні атап өтілетіндігін айтып өтті. «Бұл күннің маңызды міндеттерінің бірі – жер шарындағы барлық халыққа бұл проблема кез келген адамға қатысты болуы мүмкін екендігін білдіретін үндеу болып табылады», – деді ол. Әрбір адам өзінен бастап, жыл сайын флюорографиялық тексеруден өтіп, өзіне, өзінің балалары мен жақындарына қатысты алдын алу шараларын қолданып, аурудың алғашқы белгілері білінген кезде сырқаттың одан әрі таралуына жол бермеу үшін дереу медиктерге қаралып, олардың көмегіне жүгіну керек, деп, ол сөзін жалғастырды.
«Жылдан жылға Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал жақсарып келеді. Соңғы 10 жылда елімізде туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 2,2 есеге, өлім-жітім көрсеткіші 5,4 есеге төмендеді», – деді Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Аденов.
Ол елімізде туберкулезді ерте анықтау үшін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін қазіргі заманғы диагностика әдістерінің қолданылатынын, ол әдістер туберкулездің уақтылы және дұрыс диагностикасына, оның ішінде дәріге төзімді түрлеріне ықпал ететінін атап өтті. Туберкулезге қарсы күрес ұйымдарының жанындағы барлық облыстық, қалалық және өңірлік бактериологиялық зертханаларда жылдам диагностикалау бойынша (2 сағат ішінде) жаңа озық инновациялық гендік-молекулярлы зертханалық технологиялар енгізілді. 2018 жылы туберкулез бойынша қауіптілігі жоғары топтардағы балалар мен байланыста болған адамдарда (АИТВ жұқтырғандар, балаларда, егде жастағы пациенттерде) латентті туберкулез инфекциясын диагностикалау үшін республикалық деңгейде T-SPOT®.TB гамма–интерферондық тесті енгізілді, бұл тест туберкулездің өкпеден тыс түрлерін диагностикалауда да маңызды.
Мәлік Аденовтың айтуынша, ҮЕҰ аурудың алдын алу және емдеуге бейімділік бойынша ақпараттық жұмысқа, диагностикадан өту үшін сүйемелдеуге және т.б. қолдау көрсетуде.
Семинарда әлемдегі және Қазақстандағы туберкулез бойынша эпидемиологиялық ахуал; зертханалық диагностиканың заманауи әдістері; туберкулез жағдайларын тіркеу, жүргізу және бақылау проблемаларын шешу жөнінде жаңа тәсілдер; медициналық-санитариялық алғашқы көмек интеграциясы шеңберінде фтизиатрлардың жұмысы; асқынған түрлерінің даму қаупі факторлары, алдын алу шаралары; азаматтық қоғамды туберкулезге қарсы күреске тарту және өзара көмек топтарын құру; туберкулез ошақтарындағы балалар арасында эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру ерекшеліктері, байланыста болған адамдар арасындағы сырқаттанушылық; БҰҰ-ның 2022 жылға дейінгі кезеңге арналған туберкулезге қарсы күрес жөнінде жоғары деңгейдегі отырысының міндеттемелері; МСАК деңгейінде инфекциялық бақылау шараларының мониторингі нәтижелері туралы мәселелер талқыланды.
ДДСҰ өзінің “EndTB” Стратегиясында 2035 жылға қарай туберкулезден болатын өлім-жітімді 95% – ға азайтуға және туберкулезбен сырқаттанушылықты 90% – ға төмендетуге қол жеткізу міндетін қойды.
Барлық мүдделі органдар мен ұйымдардың күшін біріктіру халықтың туберкулезден сырқаттануын, таралуын және өлім-жітімді төмендетуге мүмкіндік береді.