Бүгін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсатына қол жеткізу жөніндегі сектораралық жиын аясында тұз бен трансмайлардың құрамы туралы мәселеге ерекше назар аудара отырып, тағамға қатысты ахуалды популяциялық зерттеуге негізделген Қазақстандағы жағдайды талдау нәтижелері ұсынылды.
Іс-шараға қатысуға Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Ақпарат және коммуникациялар министрліктерінің өкілдері шақырылды.
Халықтың тұзды, майларды және трансмайларды тұтынуы семіздік пен тамақтануға байланысты болатын инфекциялық емес аурулардың таралуына алып келетінін атап өткен жөн. Тұзды пайдаланудың мұндай өсуін ДДСҰ “Қазақстанда тамақтануды жақсарту – Орнықты даму мақсатына қол жеткізудің кілті” ақпараттық бюллетенінде сипатталған 3 жаңашыл зерттеудің нәтижелері көрсеткендей, өңделген тамақ өнімдері индустриясының урбанизация және жаһандану процесіне ішінара жатқызуға болады.
Құрамында тұз бен майы жоғары өңделген тамақ өнімдерін пайдалану дене салмағының артуына, жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болу қаупінің артуына және Қазақстанда ИЕА сырқаттанушылығының жоғары деңгейіне әкеледі. Тамақтануды, азық-түлік құрамын және азық-түлік ортасын сипаттай отырып, зерттеулер Қазақстандағы тамақтану рационы құрамының жақсы көрінісін алуға көмектеседі және кейінгі жылдар бойы мониторинг жүргізуге негіз болады.
Қазақстанда тұзды пайдалану қазіргі уақытта күніне 17 граммды құрайды, бұл ДДСҰ ұсынған лимиттен 4 есе артық. Зерттеу барысында семіздік пен дұрыс тамақтанбаудың шынайы себептері көп екені анықталды, және кез келген адамның тамақтану рационы қоршаған ортаның әсер ету және әлеуметтік факторларына тығыз байланысты, олар әртүрлі азық-түліктің қол жетімділігіне кері әсер етеді.
Қазақстанда және бүкіл Орта Азияда дәстүрлі базарлар мен көшедегі сатушылар маңызды рөл атқарады, олар жемістер мен көкөністердің ассортиментін ғана емес, сонымен қатар құрамы қаныққан майларға, трансмайларға және тұзға бай жоғары калориялы дайын өнімдерді ұсынады.
Зерттеу жұмыстарына қатысқан ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Зарина Керуенова: “Тұз тамақ өнімдерін, әсіресе құрт, ет пен сүт сияқты және т.б. өнімдерді сақтау үшін пайдаланылады. Бұл тәжірибе жалғасын табуда, құрамында тұз көп дәстүрлі өнімдер анықталып жатыр. Бірақ майы көп, трансмайлары, қанты және тұзы да көп өңделген тамақ өнімдерінің пайда болуы проблеманы ушықтыруда. Тұз бен трансмайлардың көп көлемде болуы ерекше алаңдаушылық тудырады, өйткені бұл ингредиенттер инфекциялық емес аурулардың пайда болуына байланысты болып отыр”, – деді.
Бұл фактілер халықтың тамақтану жөніндегі ұсынымдарды ұстану тұрғысынан міндетін күрделендіреді, бірақ бұл ретте тамақ өнімдерін өндірушілерді тұзды аз пайдалануға итермелейтін немесе міндеттейтін шаралардың маңыздылығына назар аударады.
Осылайша, Қазақстанда белгілі бір ингредиенттерге нормативтік тыйым салуларға ерекше назар аудара отырып, тұзды тұтынуды, пайдалануды қысқарту және трансмайларды жою жөніндегі бастамаларды енгізу, азық-түлік рецептурасына өзгерістер енгізу, қоғамдық тамақтану стандарттарын әзірлеу, халықтың хабардар болуын арттыру және тауарларды таңбалау жөніндегі ережелерді жетілдіру талап етіледі. Балаларға қатысты тамақ өнімдерінің маркетингін шектеу БАҚ-қа қолданылатын НҚА әзірлеуді талап етеді.
Профилактика БҰҰ Орнықты даму 3.4-мақсатына – 2030 жылға қарай мерзімінен бұрын өлім-жітімді үштен біріне төмендетуге қол жеткізу мүмкіндігін едәуір күшейтеді.
Тамақтану саласындағы сектораралық және көп деңгейлі іс-қимылдар Қазақстанның БҰҰ Орнықты даму мақсатына қол жеткізуінде маңызды рөл атқарады. ДДСҰ ОДМ қамқорлығымен елдерді семіздіктің таралуының өсуімен күресуге, натрий тұтынуының 30 пайыздық төмендеуімен жұмыс істеуге және тиімді саясаттың көмегімен өнімдердегі өнеркәсіптік трансмай қышқылдарын пайдалануды тоқтатуға шақырады.
Зерттеулерді ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының, Қазақ тамақтану академиясының, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының және ДДСҰ ынтымақтастық орталығының қызметкерлері 2016-2017 жылдары жүргізді.