2019 жылғы 12-14 ақпан аралығында Стамбул қаласында (Түркия) жоғары деңгейдегі Министрлік кеңесі өтті, оған Еуропа аймағының 53 елі қатысты.
Іс-шараны өткізудің мақсаты: денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлардан адамдарды қорғау үшін күш-жігерді біріктіру; ДДСҰ Еуропа өңіріндегі қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің дайындық және ден қою деңгейін арттыру үшін бірінші Іс-қимыл жоспарын толық іске асыру ісіне мемлекеттердің бейілділігін нығайту.
Кеңес барысында қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің дайындығы мен ден қою деңгейін арттыру саласындағы инновациялық тәсілдер, елдік деңгейдегі Іс-қимыл жоспарын іске асыру үшін қадағалау құрылымы мен мониторинг және бағалау тетігін құру мәселелері талқыланды.
Бұл жоспар денсаулық үшін барлық қауіп-қатерлерден тиісті қорғауды қамтамасыз етуге арналған. Оны іске асыру қоғамдық денсаулыққа төнетін қауіп-қатерлерді болдырмау, анықтау және жауап шараларын ұйымдастыру, сондай-ақ үш стратегиялық негізге сәйкес мүдделі елдерге көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттерді Халықаралық медициналық-санитарлық ережелердің (ХМСЕ) талаптарына сәйкес қолдау, оқиғаларды басқару және ХМСЕ талаптарын сақтау процестерін жетілдіру, сондай-ақ есеп беруге жәрдемдесу.
Халықаралық медициналық-санитарлық ережелер халықаралық құқықтық база екендігін атап өткен жөн, ол барлық әлемдегі елдердің денсаулық сақтау саласындағы эпидемиялар мен басқа да төтенше жағдайлардан адамдардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді. ДДСҰ ХМСЕ күшіне енгеннен кейін Еуропа аймағындағы елдерге қоғамдық денсаулыққа төнетін қауіп-қатерлерді болдырмауға, анықтауға, жауап шараларын ұйымдастыруға белсенді көмек көрсетеді. ДДСҰ-ның денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі бағдарламасы үшін ХМСЕ осындай жағдайлардағы, атап айтқанда аурулардың, апаттардың және экологиялық дағдарыстардың өршуі кезіндегі іс-қимылдардың құнды құралы болып табылады.