Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде селекторлық режимде өңірлердің Денсаулық сақтау басқармалары, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің аумақтық департаменттері, ведомстволық бағынысты ұйымдар және т.б. басшыларының қатысуымен инфекциялық аурулардың алдын алу мәселелері талқыланды.
Жиналғандардың алдында сөйлеген сөзінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: “Денсаулық сақтау министрлігі қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру шараларын қолдануда, сырқаттанушылық, көбінесе егілмеген балалар арасында тіркеледі, егілмеген балалар 67% құрап отыр”, – деді. Ол Қазақстанда балаларды жоспарлы иммундау және ошақтарда байланыста болғандарды егу үшін қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаның жеткілікті көлемі қамтамасыз етілгендігін атап өтті. Қызылшамен сырқаттанушылықты оқшаулау мақсатында қосымша вакциналар сатып алынады. Сондай-ақ министр: “Қазіргі уақытта ЖРВИ-мен және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық көтерілуі байқалады, республикада осы инфекциялар бойынша жағдай тұрақты, бұл бағыттағы жұмыс штаттық режимде жүргізілуде”, – деп хабарлады.
Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қатысушыларды қызылшамен, ЖРВИ-мен, тұмаумен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдаймен және қолданылып жатқан шаралармен таныстырды. Ол инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы егілмеген балаларды анықтауға және вакцинациялауға бағытталған эпидемияға қарсы іс-шаралардың ұйымдастырылғанын айтты. Егілмеген және егілгендігі туралы деректерсіз 30 жасқа дейінгі 2608 адам эпидемиологиялық айғақтар бойынша егілген.
Жандарбек Бекшин республикада ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екендігін атап өтті. 2018 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті өңірлер бойынша ЖРВИ-мен және тұмаумен сырқаттанушылықтың жас санаттары мен тәуекел топтары бойынша (жүкті әйелдер, бір жасқа дейінгі балалар арасында) күн сайын мониторинг жүргізеді. Эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері (өткен жылдың 1 қазанынан бастап) 210 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелді, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 16%-ға төмендеді. ЖРВИ-мен ауырғандардың негізгі үлесін 14 жасқа дейінгі балалар құрап отыр (65%).
Қазіргі таңда республикада денсаулық сақтау ұйымдарында да, дәріхана желісінде де тұмауға қарсы препараттардың қоры жеткілікті мөлшерде бар, төсек қорының қажетті көлемі жасалды.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Дамир Көпжасаров «Қызылшамен, ЖРВИ-мен және тұмаумен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық ахуал жөнінде 2019 жылға арналған болжам» деген тақырыпта баяндама жасады. Дамир Көпжасаров халықты вакцинациялау және иммундау тиімділігін ары қарай зерттеу үшін қызылшамен ауыратын пациенттерді жас ерекшеліктеріне қарай екпе статусын анықтау бойынша толық талдау жүргізу; халықты қызылшаға қарсы иммундауды ұйымдастырып, жүргізуді, бақылау-қадағалау қызметі (салқын тізбекті сақтау, екпе жасаудың алдында медициналық тексеру және вакцинациялаудан кейін қадағалау, медицина қызметкерлерін оқыту) мәселелеріне тоқталды.
Қызылшаның, ЖРВИ-дың және тұмаудың алдын алу мәселелері бойынша халыққа ақпарат беру үшін ол жергілікті Call –орталықтарының жұмыстарын өзектендіру, халықты толғандыратын барлық сұрақтарға анық жауап бере алатын мамандардың күнделікті кезекшілік атқаруын қамтамсыз ету қажет екендігін айтып өтті.
Дамир Кобжасаров әрбір аймақта инфекционист және эпидемиолог мамандар аурудың алдын алуға баса назар аударуы тиіс, ауырған кезде не істеу керек, қайда хабарласу қажет екендігі, егуді қайда алуға болатындығы және т.б. жөнінде кеңестер беріп, ұсынымдар жасай алуы тиіс екендігін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау басқармаларына, аумақтық денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарына инфекциялық аурулардың алдын алу жөнінде ұсынымдар берілді. Бұл – қызылша бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізу (инфекция ошағының шекарасын белгілеу, байланыс шеңберін кеңейту, эпидкөрсетімдер бойынша иммундау); вирусологиялық зертханалардың тұмау штаммдарын белгілей отырып, науқастардан зертханалық зерттеу жүргізуге дайындығын қамтамасыз ету; интенсивті терапия көрсетуге арналған тұмауға қарсы негізгі препараттардың, дезинфекциялық препараттар мен жеке қорғаныш құралдарының резервін құру; тұмаудың клиникасы, диагностикасы, емдеу және алдын алу мәселелері бойынша медициналық ұйымдардың және білім беру ұйымдарының қызметкерлерімен семинарлар өткізу және т. б.