Кенбаева Раушан – Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының СӨСҚ орталығының бас маманы
Раушан Мұхтарқызы, ата-аналар балаларының репродуктивті денсаулығын сақтау үшін қандай мәселелерге назар аудару керек?
ДДСҰ-ның анықтауы бойынша, репродуктивті денсаулық – бұл репродуктивті жүйеге, оның функцияларына және процестеріне байланысты аурулардың болмауы ғана емес, сонымен бірге физикалық, ақыл-ой және әлеуметтік салауаттылық жағдайы. Репродуктивті денсаулықты қорғау бала кезден басталуы керек, осыған байланысты ата-аналар балаларының репродуктивті денсаулығын қалай сақтауды және нығайтуды білуі тиіс.
Бала үшін ата-анасының көрсеткен үлгісі өте маңызды. Егер бала салауатты өмір салтын ұстанатын, спортпен айналысатын, зиянды әдеттерден аулақ жүретін ата-анасымен тұратын болса, баланың өзі де ата-анасына қарай отырып, оларға еліктейтін болады, демек, дені сау болып өседі.
Балаларды тамақтануға байланысты жақсы әдеттерге үйретуде де ата-аналардың рөлі зор. Баланы кішкентай кезінен бастап салауатты тағам өнімдерімен таныстыра бастаған жөн. Алайда, егер ата-аналардың өздері не жегендеріне көңіл бөлмесе, әрине, бала да отбасында көрген дағдыларды қайталайды.
Бұдан бөлек, қыздарға, әсіресе жасөспірімдерге суық ауа-райы кезінде неліктен жұқа колготки емес, жылы киім кию керек екенін немесе температура минусты көрсеткіште болған кезде жалаңаш белмен жүру зиян екенін түсіндіріп отыру қажет.
Балаларының денсаулығын нығайту бойынша ата-аналарға қандай кеңес бересіз?
Күн режимін, жеке гигиенаны сақтау, дұрыс тынығу қажет, түнгі ұйқының ұзақтығы 8-9 сағаттан кем болмауы тиіс. Жеке құралдарды қолдану арқылы жеке гигиенаны сақтау дағдыларын: жуынуды, тісті тазалауды, тамақ ішердің алдында қол жууды, ұйықтар алдында ванна немесе душ қабылдауды үйреткен жөн.
Дұрыс тамақтану баланың өсіп келе жатқан организмінің қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Ата-аналардың өздері үлгі көрсетіп, ертеңгілік астан бастап тамақтану режимін сақтауға, тамақты отбасымен бірге ішуді, зиян келтіретін тағамнан, газдалған сусындарды ішуден бас тартуға, суды жеткілікті мөлшерде ішуге, көкөніс пен жеміс жеуге үйреткендері жөн.
Қозғалыс белсенділігі маңызды. Гиподинамия қазіргі кезгі балалардың көпшілігіне тән. Баланың спорт секцияларына немесе би, гимнастика, атлетика үйірмелеріне, жүзуге барғаны дұрыс, өйткені, мөлшерлі физикалық жүктемелер респираторлық инфекциялардың алдын алуына көмектеседі, денені тік ұстап жүруге үйретеді, омыртқаның және буындардың иілгіш болуына жақсы әсер етеді.
Киім қажетті микроклиматты қалыптастыруға көмектеседі, оның киюге жеңіл және ыңғайлы болғаны дұрыс. Киім таңдаған кезде матаның жылу сақтайтын, ауаны және ылғалды өткізбейтіндігіне және басқа да қасиеттеріне назар аударыңыз. Аяқ киім жеңіл, серпімді және жақсы желдетілуі керек. Оның жылу сақтайтын және ылғал өткізбейтін қасиеттері ауа-райына сәйкес келуі қажет.
Тар, ыңғайсыз және өте жылы киім ұл балалардың жыныс мүшелерінің қатты ысып кетуіне әкеледі, бұл ұрықтық түтікшелерін дұрыс қалыптастырмайды деп есептеледі. Ал қыздардың организмі жылуды қажет етеді. Сондықтан, қазіргі кезде сәнге айналған қысқа күртешелерді және жамбасқа дейін киілетін шалбарларды қыздардың, әсіресе суық кезде, кимегені абзал. Күртеше сан жақты жуып тұруы тиіс, ал салқын ауа-райы кезінде шалбардың немесе белдемшенің ішінен жылы киім киген дұрыс.
Баланы кішкентай кезінен бастап өзіңіз үлгі көрсетіп, зиянды әдеттерге әуес болмауға: темекі тартпауға және ішімдік ішпеуге үйрету керек.
Иммунопрофилактика және профилактикалық тексерулер жайлы айтып берсеңіз
Аурулардың алдын алуда мектепке дейінгі және білім беру мекемелерінде жүргізілетін профилактикалық тексерулер маңызды. Инфекциялық аурулардың алдын алу үшін уақытылы вакцинациялау қажет. Мысалы, паротит инфекциялық ауруы уақыт өте келе белсіздікке әкелетін жыныс ауруын (орхит) тудыруы мүмкін. Бұл аурудың алдын алу үшін қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы егілетін аралас вакцина қолданылады.
Қорытындылай келе, денсаулықты сақтаудың мінез-құлқы балаға туылғанынан бастап берілетінін және осыған байланысты негізгі дағдыларға отбасында үйренетінін айтқым келеді. Сондықтан, жеке гигиена ережелерін сақтауда, физикалық белсенділікке, дұрыс тамақтануға үйретуде өздеріміз үлгі көрсете отырып, біз, ересек адамдар, өз денсаулығына деген, оның ішінде психикалық және репродуктивті денсаулыққа жауапты болуды қалыптастыруға әсер етеміз.