ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының, С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ-дың және М.Айқымбаев ат. Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми орталығының қызметкерлері 2018 жылғы 28-31 қазан аралығында Мюнхен қаласында (Германия) Медициналық биоқауіпсіздік жөніндегі конференцияға қатысты.
Іс-шараны Бундесвер Микробиология институты ұйымдастырды.
Конференция жұмысына 50-ден астам елдің жетекші ғалымдары қатысты.
Іс-шара барысында медициналық биоқауіпсіздік аспектілеріне ерекше назар аударылды. Іс-шараға қатысушылар өте қауіпті инфекциялық агенттер қоздыратын ауруларды диагностикалау, емдеу және олардың алдын алу саласындағы соңғы зерттеу нәтижелерін талқылады. «Жыныстық жолмен берілетін аурулар», «Биологиялық токсиндер» немесе «Антивирусты препараттар, антибиотиктер және вакциналар» сияқты тақырыптар сөзге арқау болды, сондай-ақ «Биобарлау» немесе «Биологиялық уыттылық», «Заманауи диагностика және визуализация» тақырыптары ұсынылды.
2013 жылдан бастап ҚР ДСМ ҚДСҰО филиалы Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы Бундесвер Микробиология институтымен (Германия) бірлесіп, С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ және М.Айқымбаев ат. Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми орталығы «Әлеуетті биологиялық агенттер қоздыратын инфециялық ауруларды диагностикалау жөнінде германдық-қазақстандық жүйені құру» ғылыми жобасы бойынша, ал 2017 жылдан бастап – «Биоқорғаныс және биоқауіпсіздік жөнінде герман-қазақстан ынтымақтастығы» жобасы бойынша табысты ынтымақтастықта жұмыс жасап жатқандығын атап кеткен жөн.
Соңғы жоба шеңберінде практикалық денсаулық сақтау саласында және ғылыми басылымдарда пайдалану үшін бірегей зерттеу нәтижелері алынатын болады. Қазақстан аумағында кене энцефалиті мен геморрагиялық қызба эпидемиологиясы бойынша жаңа ілімдер оларды диагностикалауды және эпидқадағалауды, сонымен қатар жүргізілетін профилактикалық іс-шаралар тактикасын жетілдіруге мүмкіндік береді.