Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі «Алматыдан денсаулық сақтау қызметтерінің жалпыға бірдей және тұрақты даму мақсаттарына дейін» ДДСҰ-ның МСАК бойынша Алматы декларациясының 40 жылдығына арналған Жаһандық конференцияның делегаттары мен қонақтары «Сөзден іске/WalktheTalk/От слов к делу» акциясына қатысты.
Іс-шараның үйымдастырушылары: ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, Астана қаласының әкімдігі, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы.
Акцияны өткізудің мақсаты: халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін физикалық белсенділікті насихаттау, күнделікті физикалық белсенділікке деген ұмтылысты қалыптастыру, халықтың денсаулығын қорғауға барлық мүдделі тараптардың күштерін біріктіру, денсаулықты нығайту, атап айтқанда, «Health for all» аясында физикалық белсенділікті арттыру мақсатында Жаһандық қозғалысқа қолдау көрсету.
Іс-шара қатысушыларының алдында Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, ДДСҰ-ның Бас директоры Тедрос Гебрейесус, БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қорының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Афшан Хан құттықтау сөз сөйледі.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз сөзінде, бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі – адамдарда сау болу қажеттілігін, өзінің және балаларының денсаулығы үшін жауапкершілікті қалыптастыру, салауатты өмір салтын ұстану және насихаттау, деді.
Ол қазақстандықтардың өз денсаулығына деген көзқарасы өзгеріп, сау әдеттерді ұстануы, физикалық белсенділігі байқалатындығын атап өтті және акцияға қатысушыларға іс-шараға қатысып, салауатты өмір салтын ұстанғандары үшін ризашылығын білдірді.
Елжан Біртанов грек-рим күресі бойынша олимпиада чемпионы Юрий Мельниченкоға, Гиннес рекордтар кітабына рекорды 7 рет енген, әлемдегі ең үлкен шөлдерді жүгіріп өткен жалғыз адам Марат Жыланбаевқа және «Спарта-Астана» КТК тобының капитаны, РФ-да 2017 жылы өткен Жоғары лигасының жеңімпазы Данияр Жұмаділовке ҚР Денсаулық елшісінің төс белгісі мен сертификаттарын табыстады.
Қатысушылар 1 км және 3 км қашықтықта жүгіруді, сондай-ақ, скандинавтық жүгіруді таңдап, өздерінің дене белсенділігіне деген ұмтылысын көрсетті.
Бағыттар бойынша келесі станциялар ұйымдастырылды:
– ыстық сусындар (кофенің орнына бал қосылған шайдың, судың артықшылығы);
– тамақ – тез сіңетін көмірсулардың орнына пайдалы тамақ өнімдерін тұтыну;
– нұсқаушымен стретчинг, кроссфит сияқты жаттығулар жасау және хореографпен зумба, бачата және тағы басқа билер билеу;
– өмірлік маңызды көрсеткіштерді өлшеу;
– жедел медициналық көмек дағдыларын қалыптастыру және т.б.
ҚР-ның ең алғашқы Денсаулық елшілері: актёр, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Әлімжанов және әнші, кәсіпқой боксшы. “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ибрагим Ескендір акция барысында ұйымдастырылатын концерттік бағдарламаға қатысты.
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының директоры Уалихан Ахметов қатысушыларға белсенділігі, салауатты өмір салтына ұстанымдары және қызығушылығы үшін алғыс білдіріп, 5 жастан бастап 17 жасқа дейінгі әрбір бала, әрбір жасөспірім күнделікті 1 сағат, ал 18 жастан және 18 жастан асқан ересек адам күнделікті кем дегенде жарты сағат немесе аптасына 150 минуттан 300 минутқа дейін дене белсенділігімен шұғылданса, денсаулықтары нығайып, инфаркт, инсульт, диабет, қатерлі ісік және тағы басқа да аурулардың алдын алатындығын есте сақтау маңыздылығын айтты.