Бүгін Қазақстанның барлық өңірлері мен Литва командаларының қатысуымен өтетін жедел медициналық жәрдем бригадаларының III республикалық жарысы аясында «Астана» оқу-клиникалық орталығының, Республикалық санитарлық авиация орталығының жетекші мамандарының, Ресей, АҚШ, Израиль, ҚХР, Малайзия, Өзбекстан өкілдерінің шұғыл жағдайлар бойынша мастер-кластары өтті.
Ұйымдастырушылар: ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, «Астана» оқу-клиникалық орталығы, Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы және Астана қаласының Ұлттық денсаулық сақтау палатасы жедел медициналық жәрдем жұмысын жетілдіру, біліктілігін арттыру, жедел медициналық жәрдем бригадаларының кәсіби деңгейін, тиімділігін және командалық жұмыс деңгейін, осы сала мамандарының әлеуетін арттыру мақсатын көздеді.
Мастер-кластардың салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, мемлекет денсаулық сақтау жүйесіне, соның ішінде жедел медициналық жәрдем қызметіне баса назар аударатындығына тоқталып өтті. Ол жаңа машиналар сатып алынып жатқанын, ағымдағы жылдың басынан бері барлық жедел медициналық жәрдем машиналары бірыңғай республикалық стандартар бойынша біріктіріле бастағанын, 2017 жылы Қазақстанда халыққа жедел және шұғыл медициналық жәрдем көрсету бойынша жаңа ережелер енгізілгенін, жүйе дифференциалды көзқарасты қарастыратындығын, төтенше санаттар бойынша қоңыраулар әртүрлі белгілерге сәйкес оңтайландырылып, топтастырылғанын айтты.
«Жедел медициналық жәрдем қызметінің мамандары қызметтің жұмысын жақсарту үшін методологиялық, ұйымдастыру және ғылыми-практикалық мәселелерді талқылауға, ересектер мен балаларға шұғыл жағдайларда жедел көмек көрсетуді жетілдіруге, ең үздік халықаралық практика негізінде медициналық кадрларды дайындауда жаңа және симуляциялық технологияларды енгізу тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік алады», – деді министр.
Жедел медициналық жәрдем бригадалары төтенше жағдай, мысалы, көптеген зардап шегушілермен болған жол-көлік оқиғасы кезінде медициналық көмек көрсетуді үйренді.
Израильдік әріптестер көптеген зардап шегушілермен болған оқиға кезінде шұғыл жәрдем көрсету тәжірибесімен бөлісті. «Ambulanc» мекемесінің (Шэньчжэнь қаласы, ҚХР) директоры Ван Шуанвэй жедел медициналық жәрдем көрсетудегі жаңа технологияларымен таныстырды.
«Астана» оқу-клиникалық орталығының тренерлері политравма кезінде көрсетілетін көмекті демонстрациялады. Малайзия өкілдері әртүрлі пациенттерге жедел жәрдем кезеңінде көмек көрсету дағдыларымен таныстырды. Ресейліктер жүрек-өкпе реанимациясын көрсетті.
Мұндай шаралар жедел медициналық жәрдем мамандарын оқытуда әрі қарайғы жұмысты жетілдіру мақсатында әрекеттер алгоритмін құруға, республика халқына және еліміздің қонақтарына жедел медициналық жәрдем сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қүрметті қонақтар қатарында Германия елшілігінің, АҚШ Медицина экзаменаторларының ұлттық кеңесінің өкілдері, Израиль консулы және т.б. бар.