Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Астанада микробқа қарсы препараттарға төзімділіктің таралуын тежеу мәселелері бойынша практикалық воркшоптар өтті

2026 жылғы 18 қарашада Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде «Микробқа қарсы препараттарға төзімділікпен күресу үшін оларды ұтымды пайдалану: «Бірыңғай денсаулық» тәсілі» атты халықаралық конференция қарсаңында практикалық тренингтер күні өтті.

Бағдарлама микробқа қарсы препараттарды ұтымды қолдану, клиникалық микробиология, инфекциялардың профилактикасы және инфекциялық бақылау (ИПИБ), сондай-ақ микробқа қарсы препараттарға төзімділік (АМР) саласындағы зерттеу құзыреттерін дамыту мәселелерін қамтыды.

Микробқа қарсы препараттарды ұтымды пайдалану бойынша воркшопты Швецияның Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігінің мамандары Стефан Стенмарк, Соня Лёфмарк және Андреас Сандгрен өткізді. Микробиологиялық зерттеулер мен антибиотикограммалардың нәтижелерін түсіндіруге арналған сабақты Қарағанды медицина университетінің ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, PhD Алёна Лавриненко жүргізді.

«АМР тізбегін үзу: операциялық бөлме» атты воркшоптың фасилитаторлары ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының (ҰҚДО) инфекциялық бақылау және микробқа қарсы препараттарға төзімділікті үйлестіру бөлімінің басшысы Гаухар Агажаева және «University Medical Center» корпоративтік қорының эпидемиологиялық бақылау департаментінің директоры Анна Гончарова болды.

Сабақ операциялық бөлмеде инфекциялардың профилактикасы мен инфекциялық бақылаудың практикалық шараларын қолдануға, сондай-ақ төзімді микроорганизмдердің таралуын болдырмау мақсатында медициналық команда мүшелерінің өзара іс-қимылын жетілдіруге арналды.

Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығы шақырылған сарапшылармен бірлесіп, «Деректерден ғылыми жарияланымға дейін» атты семинар өткізді. Семинар барысында микробқа қарсы препараттарға төзімділік бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижелері негізінде халықаралық ғылыми журналдарға мақалалар дайындау мәселелері қарастырылды.

Бағдарламаның зертханалық бөлігінде Антон Борисенко EVOS M3000 жүйесін пайдалана отырып, трансфекция тиімділігін визуалды бағалау бойынша практикалық сабақ өткізді.

Бағдарлама клиникалық, зертханалық және ғылыми-зерттеу бағыттарын біріктірді. Іс-шаралардың практикалық форматы мамандар арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға және ғылыми білімді күнделікті тәжірибеде қолдануға бағытталды.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы воркшоп фасилитаторларына, серіктестер мен қатысушыларға тәжірибе алмасқаны және инфекциялардың алдын алу мен микробқа қарсы препараттарға төзімділіктің таралуын тежеу бағытындағы бірлескен жұмысқа қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.