
Астанада «Келешек мектептеріндегі тәрбие жұмысының экожүйесі: Заң мен тәртіп, Конституциялық құндылықтар және озық ойлы ұлт» тақырыбында оқыту семинары өтті.
Іс-шараға Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова қатысып, білім алушылардың психикалық әл-ауқаты мәселелері бойынша баяндама жасады.
Өз сөзінде ол балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын сақтау қазіргі қоғамдағы маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, ересек жастағы психикалық денсаулыққа қатысты жағдайлардың жартысына жуығы 14 жасқа дейін қалыптасады.
Баяндама барысында Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің психикалық әл-ауқатына қатысты өзекті деректер ұсынылды. HBSC халықаралық зерттеуінің нәтижелері бойынша 11–15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 16,6 пайызында психикалық әл-ауқаттың төмендігі мен ықтимал депрессия белгілері байқалады. Ал 15 жасқа қарай бұл көрсеткіш 21,8 пайызға дейін артады. Сонымен қатар әр алтыншы бала буллингке, ал 13,4 пайызы кибербуллингке ұшырайды.
Спикер жасөспірімдер арасындағы тәуелділік пен қауіпті мінез-құлық мәселелеріне де тоқталды. Ұлттық зерттеу нәтижелері бойынша жасөспірімдердің 34,2 пайызы кемінде бір рет алкоголь тұтынғанын, 20,8 пайызы темекі шеккенін көрсеткен. Сондай-ақ респонденттердің 21,1 пайызы өзіне зиян келтіру туралы ойлағанын, ал 10 пайызы өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасағанын айтқан.
Салтанат Назарова 2025 жылы елімізде кәмелетке толмағандар арасында 199 аяқталған суицид және 405 суицид әрекеті тіркелгенін атап өтіп, бұл мәселенің алдын алу бағытындағы жұмысты күшейтудің маңыздылығына назар аударды.
Баяндамада мемлекет деңгейінде жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы да айтылды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың психикалық денсаулығын қорғау бойынша медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттары жетілдіріліп, алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандары оқытылуда. Сонымен қатар суицидтің алдын алу жөніндегі пилоттық жобалар мен ведомствоаралық бағдарламалар іске асырылып жатыр.
Спикер мектептің оқушылардың психикалық әл-ауқатын сақтаудағы рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қауіпсіз және қолдаушы орта қалыптастыру, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, эмоциялық сауаттылық пен стресс-төзімділікті дамыту, сондай-ақ қауіп тобындағы балаларды дер кезінде анықтау – тәрбие жұмысының маңызды бағыттары.
Салтанат Назарова балаларға тиімді қолдау көрсету үшін мектеп, отбасы және денсаулық сақтау ұйымдарының өзара тығыз байланысы қажет екенін атап өтті. Мұндай серіктестік балалардың психологиялық әл-ауқатын нығайтуға және дағдарыстық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Семинар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және әдістемелік орталықтардың өкілдері қатысты.