Алматыда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын диагностикалау бойынша негізгі тренинг өтті

Алматыда 2025 жылы 28–30 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК (ҚДСҰО) зертханалық тренинг орталығында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын (КҚГҚ) зертханалық диагностикалаудың – ИФА және ПТР әдістеріне арналған маңызды тренинг өтті.
Іс-шараны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық аймақтық бюросы мен Қазақстандағы елдік кеңсесі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен және ҚДСҰО-мен серіктестікте, Дүниежүзілік банктің Пандемиялық қор грантының қолдауымен ұйымдастырды.
КҚГҚ — Қазақстан қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі үшін, әсіресе эндемиялық аудандар – Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласындағы басым инфекция.
«Теориялық білім беру міндетті түрде қауіпсіз және бақыланатын жағдайда өткізілетін практикалық жаттығулармен толықтырылуы қажет. Бұл – эпидемиологиялық қадағалау жүйесіне қажетті кадрларды даярлаудың заманауи білім беру стандарты», – деп атап көрсетті ДДҰ консультаны доктор Майя Станоевич.

Тренингке ҚДСҰО зертханалары мен СЭБК обаға қарсы күрес станцияларының мамандары қатысты. Қатысушылар КҚГҚ эпидемиологиясы мен диагностикасы бойынша өзекті теориялық білім алды, сонымен қатар биоқауіпсіздіктің барлық стандарттарын сақтай отырып, барынша нақты жағдайларда практикалық дағдыларды да пысықтады.Сондай-ақ СЭСжМҒПО филиалының директоры Айнагүл Қуатбаева: «ҚДСҰО-ның зертханалық тренинг орталығы биологиялық қауіпсіздікті бұзбай,   ластану қаупінсіз практикалық дағдыларды пысықтау үшін бірегей жағдайлар жасайды. Қауіпсіз жаттығу нысандары мен симуляциялық сценарийлерді қолдану мамандардың стандартты операциялық рәсімдер мен ИФА/ПТР жүргізу әдіснамасын,  алгоритмдерді сақтау дағдыларын меңгеруіне мүмкіндік береді», – деп атап өтті.