Қазір дүние жүзінде тері антисептиктері біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Олар медициналық практикада, тұрмыстық гигиенада және өнеркәсіпте кеңінен қолданылады. Әсіресе, COVID-19 пандемиясынан кейін бұларды қолдану өсті.
Тері антисептиктері дегеніміз не?
Тері антисептиктері – бұл тері бетіндегі патогенді микроорганизмдердің өсуін жоюға немесе тежеуге арналған химиялық заттар. Олар ерітінді, гель, спрей, майлық түрінде және басқа да нысандарда шығарылады. Ең көп таралған белсенді заттар-этанол, изопропанол, хлоргексидин, сутегі асқын тотығы, катионды ПБЗ.
Оларды үнемі қолдану қаншалықты қауіпсіз екенін қарастырайық. Тазалықты сезіну артында ықтимал зиян бар ма?
- Этанол (этил спирті) – вирустар мен бактериялардың липидті қабығын бұзады.
- Изопропанол – этанолға ұқсас, бірақ дем алғанда және теріге сіңген кезде уыттырақ болады.
- Хлоргексидин – микробқа қарсы ұзақ әсері болады, медицинада қолданылады.
- Сутегі асқын тотығы – тотықтырғыш антисептик, вирустарға қарсы белсенді.
- Катионды ПБЗ (мысалы, бензалконий хлориді) – микробтардың жасуша мембраналарын бұзады.
Антисептиктердің пайдасы
- Инфекцияның алдын алу. Антисептиктердің негізгі мақсаты –инфекция жұқтырудың алдын алу. Бұл, әсіресе, медициналық мекемелерде, жараларды емдеуде немесе вирустық инфекциялар маусымында маңызды.
- Суға қолжетімділігі шектеулі жағдайлардағы гигиена. Жолда, табиғат аясында немесе сабын мен су жоқ жерлерде антисептик қолды таза ұстауға көмектеседі.
- Аурудың таралуын шектеу. Қоғамдық орындарда антисептиктерді жаппай қолдану тұмау немесе коронавирус сияқты вирустардың таралу қаупін айтарлықтай төмендетуі мүмкін.
Ықтимал зияны
- Теріні шамадан тыс кептіру және зақымдау. Құрамында спирті бар антисептиктерді жиі қолданған кезде тері құрғап, қабыршақтанып, тіпті жарылуы да мүмкін. Бұл терінің табиғи қорғаныс тосқауылын бұзады.
- Тітіркену және аллергиялық реакция. Хош иістер, консерванттар және басқа да қоспалар дерматит немесе аллергия тудыруы мүмкін.
- Тері микробиомасының бұзылуы. Тері патогендерден қорғауға қатысатын миллиондаған пайдалы микроорганизмдермен жабылған. Антисептиктерді жиі қолдану бұл тепе-теңдікті бұзуы мүмкін.
- Бактериялардың төзімділігі. Триклозан сияқты кейбір заттар, егер дұрыс қолданылмаса, бактериялардың төзімді түрлерінің дамуына ықпал етуі мүмкін, бұл денсаулық сақтау үшін маңызды мәселе болып табылады.
Қауіпсіз пайдалану бойынша ұсынымдар
- Артық қолданудан аулақ болу -әсіресе балалар мен тері аурулары бар адамдарда.
- Құрамы тексерілген антисептиктерді, дұрысы хош иістендіргіштер мен консерванттарыбарынша аз антисептиктерді қолдану.
- Аллергия болған жағдайда-хлоргексидинсіз және ПБЗ-сыз құралдарды таңдау.
- Зақымдалған теріге спирттік антисептиктерді қолданбау.
Тері антисептиктері пайдалы құрал болып табылады, әсіресе инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары болған жағдайда пайдалы, алайда олардың токсикологиялық қаупі болады. Оларды дұрыс қолдану, құрамын білу және ықтимал жанама әсерлерін түсіну, әсіресе, тұтынушылар үшін, медицина қызметкерлері және аллергияға бейім адамдар үшін өте маңызды, бірақ оларды шамадан тыс қолдану немесе дұрыс қолданбау теріге зиян тигізіп, басқа да проблемалардың туындауына ықпал етуі мүмкін.
Қолдану кезінде тепе-теңдікті сақтау керек: антисептиктерді шын мәнінде қажет жерде қолдану және теріні қорғау және қалпына келтіру туралы ұмытпау керек.