Қазақстан Республикасында кене энцефалиті бойынша жедел мәлімет

Эпидемиологиялық маусымның басталуымен, әсіресе эндемиялық аймақтарда 1300-ден астам адам кене шағуына байланысты медициналық көмекке жүгінді. Медициналық көмекке ең көп жүгінгендер саны Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (тиісінше 330-дан 360 жағдайға дейін) тіркелді.

Ағымдағы жылдың қаңтар айынан наурыз айына дейінгі аралықта 8400-ден астам азамат кене энцефалитіне қарсы профилактикалық екпе алды. Салыстыру үшін: 2024 жылы шамамен 37000 адам екпе алған.

2025 жылы эндемиялық аймақтарда иксод кенелерінің (вирусты тасымалдаушылардың) санын азайту мақсатында аудандарда акарицидтік өңдеу жоспарланған.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының (бұдан әрі – ҚДСҰО) деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 22 сәуірдегі жағдай бойынша елімізде кене энцефалитімен ауыру жағдайлары тіркелген жоқ. ҚДСҰО кене энцефалиті бойынша эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылап отыр.