Көктемгі мерекелердің келуімен көптеген адамдар отбасымен уақыт өткізу үшін, жақсылап демалып, көңілін көтеру үшін шетелге шығуды жоспарлайды. Алайда осы кезеңде сапарға шығу қауіпсіздік, денсаулық және жергілікті ережелерді сақтау мәселелеріне ерекше назар аударуды талап етеді.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҚДСҰО) туристерге сапар барысында инфекция жұқтыру қаупін азайту үшін мынадай профилактикалық шараларды қатаң сақтауды ұсынады:
– Жеке гигиена ережелерін сақтау: қоғамдық орындарға барғаннан кейін, тамақ ішер алдында және жануарларды ұстағаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуыңыз. Құрамында кемінде 60% спирті бар антисептикалық құралдарды пайдаланыңыз.
– Қауіпсіз ауыз суды ғана ішу: тек бөтелкедегі немесе алдын ала қайнатылған суды ішу керек. Қауіпсіздігіне сенімді болмасаңыз, сусындарға мұз қосудан аулақ болыңыз.
– Тамақтану сапасын бақылау: тек жаңа дайындалған тағамдарды ғана жеу. Санитарлық жағдайы күмән тудыратын орындарда тамақтанудан аулақ болыңыз.
– Бассейндер мен аквапарктерге барған кезде сақтық шараларын сақтау: шомылар алдында және шомылғаннан кейін душ қабылдаңыз, судың ауызға кіруіне жол бермеңіз.
– Жеке асхана құралдарын қолданыңыз: әсіресе көп адам жиналатын, «швед үстелі» жасалған қоғамдық тамақтану орындарында абай болыңыз.
– Денсаулығыңызға мұқият болыңыз: дене қызуы көтеріліп, құсу, іш өту және жұқпалы аурулардың басқа да белгілері байқалған жағдайда дереу білікті медициналық көмекке жүгініңіз.
Осы ұсынымдарды сақтау жұқпалы аурулардың алдын алып, сапарға шығу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығын сақтаңыз!